Волков Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков Алматы облысындағы Қарасай ауданында болып, тұрғындармен, мәслихат депутаттарымен, бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдерімен және ТКШ қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сенатор ауыл тұрғындарымен кездесуде Алматы облысының саяжай алабындағы тұрғындар мекенінің мәртебесін заңнамалық анықтау және оны электр энергиясымен қамтамасыз ету туралы мәселені талқылады. Алматы облысында барлығы 83 578 саяжай бар екені және онда 183 мың адам тұратыны айтылды.

Өткен жылы Алматы облысы әкімдігінің басшылығы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесуде 200 мыңнан астам адамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін саяжайлар мен бау-бақша серіктестіктеріне елді мекен мәртебесін беру тетігі әзірленіп жатқанын айтқан болатын.

Бұл проблемаларды шешкенге дейін электр желісін пайдалану және саяжай алабын электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін бірінші кезекте шешу маңызды болып отыр. Мысалы, «Құс өсіруші» бау-бақша серіктестігіне газ жеткізілді, жақын жерде де елді мекендер бар, бірақ электрмен жабдықтау қызметін көрсету – ерекше проблема, - деп атап өтті сенатор.

Сенаторлар осыған дейін мәселені шешу үшін еліміздің Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдаған болатын.

Ауыл тұрғындарымен кездесу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар беріліп, көтерілген мәселелер аудан басшылығының бақылауына алынды.

Сенатор сол күні аудандық полиция басқармасының басшылығымен кездесті, олармен азаматтардың құқықтарын қорғау, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы