"Волейболшылар" қартайған: Министрліктің сыны орынды ма?
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев волейбол федерациясының басшыларымен және жаттықтырушылар штабымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиын барысында ұлттық құраманың көрсетіп жатқан нәтижелері мен алдағы уақытта қандай жарыстарға қатысатыны талқыланды.
Алайда ерлер және әйелдер ұлттық құрамасының нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі әйелдер құрамасы әлемдік рейтингте 32-ші, ал ерлер құрамасы 59-орында тұр. Оған себеп те жоқ емес екен. Федерация өкілдерінің айтуынша, ұлттық құрамадағы қыз-жігіттердің "қартаюы". Қазіргі уақытта команданың негізін 30 жастан асқан спортшылар құрайды.
Спорт журналисі Серік Қантаевтың айтуынша, волейболда нәтиженің болмауы тұрақтылықтың жоқтығы.
Ұлттық құрамаға жетіспей жатқаны – тұрақтылық. Әр маусым сайын ауысатын бапкерлер және нәтижені талап ете алмайтын федерацияның кінәсі деп ойлаймын. Мысалы Ұлттық лига ойындарындағы командалардың бапкерлері жиі ауысады. Сондықтан ойыншыларды дайындап та, келесі маусымға жоспар құрып та үлгермейді. Негізгі тұрақсыздық қыздар волейболында деп айтар едім.Сонымен қатар, ұлттық құрамадан жақсы нәтиже күту үшін оқу-жаттығу жиындарын жиі ұйымдастырып тұру керек. Әлемдік жарыстарға 2 ай уақыт қалғанда құраманы жинап алып, жаттығу ұйымдастыру нәтиже бермейді. Ерлер мен қыздар арасында да буын алмасу кезеңі өте сәтсіз жүзеге асырылады. Сондықтан жас ойыншыларды ұлттық құрамаға қазірден алып, дайындау қажет, - дейді спорт журналисі Серік Қантаев.
Елімізде республика бойынша 14 мың волейбол секциясы жұмыс істейді екен. Онда 600 мыңнан астам бала аталған спорт түрімен тұрақты шұғылданады.
Ал, телеграм желісіндегі "Инсайды волейбол KZ" каналы елімізде волейболдан өтетін жарыстар мен ойыншылар жайлы ақпарттарды салып, жаңалық жариялап тұрады. Қазір ерлер арасында Орал қаласында Ұлттық лига ойындарының 3-тур ойындары өтіп жатыр. Алайда ойын өтіп жатқан залға көрермендердің көңілі толмайды. Оны парақшаға жазылған пікірлерден байқауға болады.