Волейболдан танымал журналист Галина Полеваяны қолдауға арналған турнир өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Волейболдан БАҚ өкілдері арасында Галина Полеваяны қолдауға арналған турнир өтті. 

Елордамызда БАҚ өкілдері арасында волейболдан Қазақстан спорт журналистикасының ардагерлерінің бірі Галина Полеваяны қолдауға арналған қайырымдылық турнирі өтті.

Жарысқа 10 команда қатысты. Оның арасында "Қазконтент" екі команда қосты. Сондай-ақ, "Айқын" газеті, "Егемен Қазақстан" газеті, "Қазақстан" телерадио корпорациясы, "Хабар" агенттігі, "QAZSPORT" телеарнасы, "Elorda aqparat" агенттігі, "Қазмедиа" орталығы, "Новая площадь" журналистер құрамасы бақ сынады.

Жарыс Нұр-Сұлтан қаласындағы генерал Сағадат Нұрмағамбетов атындағы республикалық "Жас Ұлан" мектебінде өтті. 

Жеребе бойынша командалар алдымен екі топқа бөлінді. А тобында "Қазмедиа" мен "Қазақстан" телерадио корпорациясы өзгелерден озық шықты.
А тобының нәтижесі мынандай:
1) "Қазмедиа" - 10 ұпай;
2) "Қазақстан" - 8 ұпай;
3) "Айқын-Литер" - 6 ұпай;
4) "Егемен Қазақстан" - 5 ұпай;
5) "Қазконтент-1" -  1 ұпай.

Ал В тобында жас журналист Мәди Мұхамедқалидың жасақтаған "Новая площадь" командасы ұпайдан шашау шығарған жоқ. Барлық кездесуді 2 партияда жеңіп отырды. Бұл топтан екінші орынмен "Хабар" жартылай финалға жолдама алды.
В тобы:
1) "Новая площадь" - 12 ұпай;
2) "Хабар" - 7 ұпай;
3) "Qazsport" - 5 ұпай;
4) "Elorda aqparat" - 5 ұпай;
5) "Қазконтент-2" - 1 ұпай.

Жартылай финалда "Новая площадь"  екі партияның қорытындысы бойынша "Қазақстан" арнасын жеңсе, екінші жұпта күтпеген жерден "Хабардың" бағы жанды. Олар "Қазмедианың" осал тұсын тапты.  

Финалда да "Новая площадь" өз мықтылығын дәлелдеді. Турнирдің бірде-бір матчында ұпайдан шашау шығармаған олар шешуші кезеңде "Хабарды" 2:0 есебімен тізерлетті. Ал аса тартысты өткен 3-орын үшін ойында "Қазмедианың" бағы жанып, "Қазақстаннан" айласын асырды.
Жартылай финал:
"Новая площадь" – "Қазақстан" - 2:0 (25:15, 25:21)
"Қазмедиа" – "Хабар" - 1:2 (9:15, 19:17, 11:15)
Үшінші орын үшін:
"Қазмедиа" – "Қазақстан" - 2:1 (15:12, 12:15, 15:17)
Финал:
"Новая площадь" – "Хабар" - 2:0 (15:10, 15:6).



Айта кетейік, Галина Полевая ұзақ жылдар еліміздің "Қазақстан" және "Хабар" телеарналарында журналистік қызмет атқарған. Жиырма жылдай "Хабар" телеарнасында жаңалықтар жүргізушісі болып, ел спортының ішкі және халықаралық ареналардағы жетістіктері жайлы тікелей эфирден жаңалықтар таратып отырды. Әлем және Олимпиада ойындары кезінде спортшылар мен жанкүйерлер арасында көпір бола білді. Журналистикадан бөлек, кезінде көркем гимнастикамен де айналысып, спорт шебері атанған.

Өкінішке қарай, 2017 жылы журналистің денсаулығы күрт сыр берді. Бүгінде Галина Полевая Түркияда кезекті отадан кейін ем-дом қабылдауда. Алда әлі талай сынақ күтіп тұр. Әріптесімізге қолымыздан келгенше көмекті аямайық. Бұл турнирде 440 мың теңге жиналып, Галина Полеваяның есепшотына аударылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы