VK, Одноклассники және Mail.ru қосымшалары App Store дүкенінен жойылды
Apple ешқандай ескертусіз қосымшаларды өшіріп тастаған.
Apple компаниясы App Store дүкенінен VK тобының барлық қосымшаларын өшіріп тастады. Енді олар барлық Apple құрылғыларында жүктеу және жаңарту үшін қолжетімсіз болып қалды.
Тек Ресейдегі ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы iPhone иелері де App Store-дан VK, VK Музыка, VK Мессенджер, VK Видео қосымшаларын, сондай-ақ компаниямен байланысты «Одноклассники», «Дзен» және «Mail.ru поштасы» сервистерін таба алмады.
VK баспасөз қызметі Apple компаниясының қосымшаларды ешқандай ескертусіз және себебін түсіндірместен өшіріп тастағанын хабарлады.
VK ешқашан санкцияларға іліккен емес және санкциялық тізімдерде болмаған, мұны халықаралық және америкалық заңгерлердің көптеген қорытындылары дәлелдейді. Заңгерлердің ресми қорытындылары мен барлық қажетті ақпарат Apple-дің қолында баяғыдан бері бар. Соған қарамастан, Apple ешқандай ескертусіз, біржақты тәртіппен VK қосымшаларын жойып жіберді, – деп атап өтті компаниядан.
Осылайша, әзірлеушілер Apple компаниясы күнделікті ондаған миллион адам қолданатын сұранысқа ие сервистерге пайдаланушылардың қол жеткізуін шектеп отыр деп есептейді.
Apple-дің бұл әрекеттері пайдаланушылардың хабарламалар мен маңызды оқиғалар туралы push-хабарландыруларды алмай қалуына әкеп соғады. Apple-дің пайдаланушыларға қатысты мұндай қадамын ешқандай негізсіз және қабылданбайтын әрекет деп санаймыз. Бұған дейін Apple смартфондары мен басқа да құрылғыларына орнатылған барлық VK қосымшалары жұмысын жалғастыра береді, – деп толықтырды компания өкілдері.
Сонымен қатар, Android пайдаланушылары үшін VK қосымшалары RuStore, Google Play, Huawei AppGallery, Samsung Store, Xiaomi Store дүкендерінде және өнімдердің ресми сайттарында жаңартуларды, хабарландыруларды және басқа да функцияларды қоса алғанда, толық көлемде қолжетімді.