Визасыз режим екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтады – Қытайдағы Қазақстан елшісі
ҚХР Бейжің, BAQ.KZ тілшісі. Қытайда Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығының ІХ форумы өтті. Форумда Қазақстанның ҚХР-дағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышов осы жылдың 8 шілдесінен бастап ҚХР азаматтарына елімізде 14 күндік визасыз режим енгізілгенін айтты.
Біз геостратегиялық транзиттік әлеуетімізді Орталық Азия өңірін бейбітшілік, достық, өзара көмек, орнықты даму және үйлесімділік кеңістігіне айналдыру үшін бірлескен күш-жігерімізді іске қосуға дайынбыз. Қазақстан аумағы арқылы өтетін көлік дәліздері Қытай тауар өндірушілерінің Еуропа, Таяу Шығыс, ТМД елдері мен Орталық Азия нарығына сенімді кіруін қамтамасыз етеді. Ляонангандағы терминал, Харгос құрғақ порты, Батыс Қытай-Батыс Еуропа автомагистралі сияқты бірлескен инфрақұрылымдық жобалар Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» бастамасының тірек буындарына айналды, - дейді Шахрат Нұрышов.
Қытайдағы Қазақстанның елшісі «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі буыны ретінде еліміз «Цифрлық Жібек жолы», «Жасыл Жібек жолы» және «Денсаулық Жібек жолы» сияқты бастамалар шеңберінде ынтымақтастыққа дайын екеніні атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстан цифрландыру, жасыл технологиялар және инновациялар салаларындағы жобаларды іске асыруға қатысады. Далянь қаласының осы салаларда үлкен әлеуеті бар екенін білеміз. Сондықтан біз провинция және қаламен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Біз сондай-ақ Қазақстанның жаңа экономикалық бағытының ажырамас бөлігі болып табылатын жаңа институционалдық саясатты іске асыру жолымен шетелдік инвесторларды, оның ішінде қытайлық серіктестерді де одан әрі жан-жақты қолдауға дайынбыз, - деп айтты Нұрышов Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығының ІХ форумында.
Сонымен қатар Шахрат Нұрышов осы жылдың 8 шілдесінен бастап ҚХР азаматтары үшін елімізде 14 күндік визасыз режим енгізілгенін айтты.
Бұл шара екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға көмектеседі деп сенемін. Біз транзиттік-көлік бағыттарын одан әрі әртараптандыруға және интеграцияланған логистикалық шешімдерді енгізуге, оның ішінде Қазақстан арқылы жаңа теміржол құрлық дәліздерін ашуға мүдделіміз. Біз 2025 жылға дейін осы мақсаттарға 25 млрд доллар инвестиция құюды жоспарлап отырмыз, - деп толықтырды ол.