Вице-президент лауазымы бұрын да болған: Саясаттанушы Тоқаев ұсынған реформаларды талдап берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда алдағы бір палаталы парламентті “Құрылтай” деп атауды ұсынды. Бұл бастамаға Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Саясаттанушының айтуынша, заң шығарушы органды “Құрылтай” деп атау – Қазақстанның тарихи және мәдени дәстүріне жақын.

Әлемдік саяси терминологияда заң шығарушы орган, әрине, парламент деп аталады. Дегенмен көшпелі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының саяси тәжірибесінде елдің тағдырын шешетін ірі жиындар “құрылтай” деп аталған. Қазақ хандығы кезеңінде де маңызды мемлекеттік шешімдер дәл осы құрылтайларда қабылданған, – деді ол.

Қазбек Майгельдинов қазіргі заманнан да мысал келтірді. Оның айтуынша, Ресей құрамындағы Алтай Республикасында заң шығарушы орган “Ел Құрылтай” деп аталады. Бұл атау халықтың тарихи жадымен және басқару дәстүрімен тығыз байланысты.

Сондықтан “Құрылтай” атауы – біздің тарихи-мәдени кодымызға сай. Менің ойымша, бұл қадам Қазақстанның өзіндік саяси үлгісінің қалыптасуына және дамуына оң әсер етеді, – деді саясаттанушы.

Ол заң шығарушы органның атауы мен қызметі Конституцияда нақты айқындалатынын атап өтті. Референдумнан кейін парламенттің функциялары Ата заңда бекітіледі.

Сонымен қатар саясаттанушы Президент ұсынған вице-президент лауазымына да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда вице-президент лауазымы бұрын болған. Бұл қызмет 1996 жылға дейін қолданылған.

Вице-президент институтын енгізуде екі негізгі модель бар. Біріншісі – АҚШ моделі. Онда вице-президент президентпен бірге сайлауға түседі және екеуін де халық сайлайды. Екіншісі – Түркия мен Мысыр секілді елдердегі шығыстық модель. Бұл жағдайда вице-президентті президент өзі тағайындайды, – деді ол.

Қазбек Майгельдинов Қазақстан үшін екінші, яғни Түркия мен Мысыр моделі жақын екенін айтты. Оның сөзінше, бұл модельде вице-президент президентпен бірге сайланбайды, керісінше президенттің ұсынысымен тағайындалады.

Қазіргі Конституция бойынша президент өз өкілеттігін орындай алмаған жағдайда оның міндетін Сенат төрағасы уақытша атқарады. Ал вице-президент енгізілген жағдайда бұл функция толықтай вице-президентке өтеді. Яғни Сенат спикерінің уақытша президент болуы мәселесі алынып тасталады, – деді ол.

Саясаттанушының айтуынша, бұл жағдайда вице-президент елдегі сайлау үдерісін қадағалайды, ал президенттің негізгі өкілеттігі күшейтіледі. Президенттің өкілеттігін тек келесі сайланған президент қана қабылдап алады.

Сондай-ақ, Қазбек Майгельдинов парламенттің сандық құрамына қатысты өзгерістерге де назар аударды. Қазіргі таңда Парламентте 148 депутат бар: Сенатта – 50, Мәжілісте – 98.

Алдағы бір палаталы парламентте 145 депутат болады. Ең маңыздысы – Президент тағайындайтын және Қазақстан халқы Ассамблеясына берілетін квоталар толығымен алынып тасталады, – деді ол.

Оның айтуынша, партиялық өту межесінің 5 пайыз деңгейінде сақталуы саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті арттырады және көппартиялы жүйенің дамуына жол ашады.

Қазір жеті партия тіркелген, алдағы уақытта сегіз партия да болуы мүмкін. Егер парламентке алты емес, жеті-сегіз партия өтсе, 145 мандат олардың арасында әділ бөлінеді. Бұл бір палаталы парламенттің тиімді әрі кең ауқымда жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – деп түсіндірді саясаттанушы.

Еске сала кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда вице-президент деген лауазым енгізілетінін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: спикердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы