Вице-президент кім болады? Депутат негізгі талаптарды атады
Мәжіліс депутаты жаңа институт билік сабақтастығын қамтамасыз ету үшін енгізіліп отырғанын айтты.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ вице-президент институтының енгізілуіне қатысты пікір білдіріп, оның негізгі міндеті билік транзиті кезіндегі тұрақтылық пен басқарудың үздіксіздігін қамтамасыз ету екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, вице-президент жеке мемлекеттік органды басқармайды және Президенттің тапсырмасы бойынша өкілдік функцияларды атқарады.
Вице-президент қандай да бір мемлекеттік органды тікелей басқармайды. Ол Президенттің атынан өкілдік ететін тұлға болады. Сондықтан оның құқықтық мәртебесі басқа мемлекеттік институттардағы лауазымды тұлғалардан өзгеше. Бұл мәртебе Конституциялық заңда айқындалып, кейін арнайы ережелермен нақтыланады, – деді Үнзила Шапақ.
Оның айтуынша, вице-президент институтын енгізу тарихи әрі саяси қажеттіліктен туындап отыр.
Бұл институт көптеген мемлекетте бар. Негізгі мақсаты – бір биліктен келесі билікке ауысу кезеңіндегі басқару жүйесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету, – деді депутат.
Сондай-ақ ол қазіргі Конституция бойынша Президенттен кейінгі екінші тұлға ретінде Сенат төрағасы саналатынын, алайда жаңа жүйеде бұл өкілеттік вице-президентке берілетінін айтты.
Президент өз еркімен қызметінен кеткенде, денсаулығына байланысты міндетін атқара алмаған жағдайда немесе қызметінен шеттетілген кезде уақытша Президент міндетін атқаратын тұлға вице-президент болады. Конституцияға сәйкес, ол бір аптаның ішінде ант беріп, қызметіне кіріседі. Ал екі ай ішінде сайлау өткізіледі. Бұл өтпелі кезеңде билік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, вице-президенттің нақты қай бағыттарда Президент атынан өкілдік ететіні кейінгі нормативтік-құқықтық құжаттарда нақтыланады.
Сонымен қатар Үнзила Шапақ вице-президентке қойылатын талаптардың Президентке қойылатын талаптармен ұқсас екенін атап өтті.
Вице-президент Қазақстан азаматы болуы керек, тумысынан Қазақстанда туған болуы тиіс, соңғы 15 жыл елде тұруы қажет, қазақ тілін еркін меңгеруі және жоғары білімі болуы керек. Бірақ Президент кандидаттарына қойылатын мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл жұмыс істеу талабы вице-президентке қолданылмайды, – деді депутат.
Журналист әйел адамның вице-президент болуы мүмкін бе деген сұрақ қойған кезде, Мәжіліс депутаты Конституцияда жынысына байланысты ешқандай шектеу қарастырылмағанын айтты.
Конституцияда жынысына немесе әлеуметтік тегіне байланысты кемсітуге жол берілмейді. Сондықтан әйел адамның бұл қызметке тағайындалуына толық мүмкіндік бар. Егер талаптарға сәйкес келсе, билікте жүрген кез келген әйел азаматтың кандидатурасын ұсынуға болады, – деді Үнзила Шапақ.
Еске сала кетейік, бүгін Парламент Президент туралы Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.
Енді Парламент Құрылтай болып өзгереді.
Сондай-ақ, Қазақстанда сайлау жүйесі өзгеретіні хабарланды.