11 Қыркүйек 2026, 13:50 Фото: Ақорда

Вице-президент: «Елімізде жаңа Орфографиялық сөздік әзірленеді»

«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауына нүкте қойылып, елде жаңа Орфографиялық сөздік әзірленетін болды.

«Қыркүйек» пен «қыргүйек» сөзіне қатысты қоғамдағы пікірталасқа нүкте қойылатын болды. Вице-президент Ерлан Қарин бұл мәселені шешу үшін жаңа Орфографиялық сөздік әзірленетінін айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желісінде жазба жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас, – деп жазды ол.

Мемлекет қай сөзді қалай жазу керектігіне араласпайтынын, бұл сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы екенін атап өткен Ерлан Қарин тиісті мекеме басшылары мен ғалымдарды жинап, арнайы пікір алмасу өткізген.

Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық, –  деді вице-президент.

Отырыс қорытындысы бойынша елімізде қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі, – деп атап өтті Қарин.

Вице-президенттің сөзінше, Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Оның айтуынша, бұл істе асығыстық танытуға болмайды, алайда созып жүруге де уақыт тапшы.

Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз, – деп тапсырды вице-президент.