Вице-министр Түркістан облысы бас дәрігерінің жұмысын жоғары бағалады
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқармасының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев облыстық клиникалық аурухананы аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.
Мәртебелі қонақтар аурухананың жұмысына, техникалық жабдықталуы мен ақ халаттылардың біліктілігіне жоғары баға берді. Вице-министр облыстың бас дәрігері Мұқан Егізбаевтың өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуда зор үлес қосып келе жатқанын алға тартып, еңбегін жоғары бағалады.
«Келген қонақтар Түркістан облыстық клиникалық ауруханасындағы «Көмек» және «SOS» жүйесінің бір жылдан бері атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Мәселен, Жедел жәрдем бригадасы ауруханаға алып келе жатқан науқастың диагнозын алдын ала бізге хабарлап тұрады. Науқастың жай-күйі осындай, дайын болыңыздар, шамамен мынанша уақытта жетеміз деп ескертеді. Ал «SOS» қабылдау бөлімінде дәрігерді шұғыл шақыру үшін орнатылған жүйе. Онда әр бөлімшемен хабарласып тұратын арнайы ұялы телефон бар, он секундтың ішінде қоңырау келеді, яғни дәрігер мен бөлімше меңгерушісін қай жақта жүрсе де хабарласуға болады. Бұл жүйе науқастарды үш санатқа бөледі. Бірінші топ жасыл аймақ – мұнда медициналық көмекті аздап қажет ететін және одан әрі амбулаториялық емделу үшін үйіне жіберілген немесе жоспарлы емдеуге жатқызылатын пациенттер. Екінші сары аймақта – қабылдау бөлімшесіндегі төсекте жатқан шұғыл немесе кезек күттірмейтін көмек көрсетуді қажет етпейтін, сондай-ақ, диагнозын нақтылау, саралауға қалдырылған пациенттер. Қызыл аймақ – қабылдау бөлімшесінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді қажет ететін топ», - деді облыстық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің ұйымдастыру-әдістеме жөніндегі орынбасары Айдын Нарқабылов.
Айта кетейік, Триаж жүйесінің артықшылығы жедел, жоспарлы және дәрігерлік көмекке жүгіну. Мұнда бір пациенттің жағдайын бағалау процесі 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін емделушілер арнайы түрлі-түсті бирка немесе лента түріндегі іріктеу санатының бір түсімен белгіленеді. Құрылымның ерекшелігі кеңселік емес жүйе. Емделуші аурухананың күту залына не қаралу бөлмесіне келген соң, дәрігерлердің кабинеттерін аралап жүрмейді. Медициналық көмекке зәру, ауырып тұрған емделуші кезекке тұрмайды.
Бұдан соң, елордалық топ аурухананың қабылдау бөлмесі, инсульт орталығы, реанимациялық бөлім, жақында ғана ашылған Ситуациялық орталықты және Инсульт орталығында емнен кейін оңалту жүргізіліп жатқан пациенттердің жағдайымен танысты.
Өз кезегінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев сапар барысында басқа да бірнеше аурухана, емхана және перзентханаларды аралап шығып, ондағы жағдаймен таныстырып шықты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Балаға жаттауды емес, ойлануды үйретеміз – Шәмшидинова
Келесі жаңалық
Бокстан Азия чемпионатына баратын ерлер құрамы белгілі болды
Өзгелердің жаңалығы