Вице-министр: Спортпен айналысатын жалпы халық санын 50 пайызға жеткіземіз
Ұлттық жоба аясында жалпы спортпен айналысатын азаматтар санын 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев министрліктің алқа отырысында мәлім етті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» деп атап өткен. Бүгінгі таңда дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың негізінде «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасы жатыр, - деді вице-министр.
Жарасбаевтың айтуынша, ведомства Ұлттық жоба аясында 3 көрсеткішке қол жеткізуге жауапты.
Біріншіден, дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың санын жалпы халықтың 50 пайызға дейін жеткізу, екіншіден, 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, үшіншіден, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар халықтың үлесін ұлғайту, - деді Серік Жарасбаев.