Вице-министр: 600 мың айлық аламын, оның 300 мыңы несиеге кетеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Ғабидолла Оспанқұлов Мәжілістегі үкімет сағатынан кейін тілшілерге лотереядан бір бөлмелі пәтерді қалай ұтып алғанын айтты.
36 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтер ұтып алдым. Ол тек жарты жылдан кейін бос болады. Мен өзім ауқатты отбасыдан шыққан жоқпын. Қарапайым отбасының баласымын. Осы белеске өз еңбегіммен жеттім. Барлығын төменнен бастадым. Ата-анам медицина саласының қызметкерлері, 40 жыл ауылда жұмыс істеген. Біреумен бөлісетіндей, артық байлығым жоқ. Сондықтан бұл құдайдың өзімнің отбасыма қарайласып, берген мүмкіндігі деп білемін. Көпшілік вице-министрдің көп нәрсеге қолы жетеді деп санайды. Олай емес. Вице-министрде қатардағы мемлекеттік қызметкер секілді. Мен бұған сенімдімін, - дейді Ғабидолла Оспанқұлов.
Оның айтуынша, отбасында жеті адам бар. Қазіргі кезде туыстарының үйінде тұрады.
Зейнеттегі әке-шешем, үш балам, мен және әйелім. Олардың жалғыз асыраушысы менмін, әйелім жұмыс істемейді. Үлескер ретінде ипотекаға 4 бөлмелі пәтер алғанмын. Ол үйге әлі көшкен жоқпыз, енді салынып бітеді. Вице-министр ретінде айына 600 мың теңге айлық аламын, оның 300 мың осы үйдің несиесін төлеуге кетеді. Павлодар облысының Екібастұз қаласында әкімнің орынбасары болғанда пәтер берген. Бірақ жаңа қызметке ауысқанда, ол пәтерімді тапсырдым. Кейінннен Оралда жұмыс істегенде, жеке пәтерім болды. Бірақ елордаға қоныс аударғанда, сатып кеттім. Сөйтіп, соның ақшасын ипотекаға алған пәтердің бастапқы жарнасы ретінде төледім, - дейді вице-министр.
Вице-министрдің сөзінше, әлеуметтік желіде "вице-министр бірден жемқор" деп жазып жатқандар бар.
Көбісі, қызғанып қарайды. Бәрі мені жемқор деп ойлап жатыр екен. Ондай ештеңе жоқ. Адамдарды шынайылыққа, әділдікке шақырамын. Ол жерде шыны лототрон болды. Оған 2000 адам билетін салды. Сосын айналдырды. Үш бас жүлде тігілді: шетелге жолдама, автомобиль және бір бөлмелі үй. Шыны құтыдан ресейлік "Иванушки International" тобының әншісі Кирилл суырып алған билет нөмірі менікімен сәйкес, осындай қуанышқа кенелдім, - дейді Ғабидолла Оспанқұлов.
Шенеунік мемлекеттік қызметкерлер құмар ойындарға қатысуға болмайды, бірақ лотереядан ұтыс ұтуға заңда тыйым салынбаған екен.
Естеріңіздер болса, бұрын "Бинго" ойнататын еді ғой. Мен ешқашан жеңіске жетпегенмін. Тіпті, жай билетте ұтпағанмын. Азық-түлік дүкеніне барғанда 5 мың теңгеден қымбатқа зат алсаң, лотерея беретін. Үміт әрдайым болады. Бірақ жолым болып көрмепті, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Павлодарда ломбард директорлары қамауға алынды
Өзгелердің жаңалығы