Вице-министр: МӘМС жобасы арқылы бюджетті 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайттық
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. МӘМС жобасы арқылы медициналық қызметтерге бөлінетін бюджет көлемі 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайтылған.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев мәлімдеді.Министрлік өкілі 1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қалай енгізіле бастағанын айтып берді. Оң жаңалықтардың бірі – "сақтандырылған" деген статусы бар азаматтар үшін КТ, МРТ диагностикасы тегін көрсетілетін болады.
1 қаңтардан бастап Денсаулық сақтау министрлігі үлкен жобаны іске асырды. Яғни, МӘМС жүйесін іске қостық. Біздің азаматтар үшін көрсетілетін медициналық көмектің екі пакеті бар. Мемлекет тарапынан кепілдендірілген пакет бар. Ол азаматтың сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына байланысты емес. Тегін көмек көрсетіледі. Негізгісі –қосымша МӘМС пакеті. Мұның басты артықшылығы – бұрыңғы КТ, МРТ диагностикасы және оңалту шаралар сияқты басқа да қымбат тұратын медқызметтер мен дәрі-дәрмектер егер азаматтардың статусы сақтандырылған болса олардан қосымша ешқандай қаржы талап етілмейді, - деді вице-министр.
Әбішевтің айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру аясында бюджет көлемі де ұлғайтылып отыр.
Бізде екі пакет екенін баса айтқым келеді. Біріншісі – кепілдендірілген, екіншісі – кеңейтілген МӘМС пакеті. Бұған дейін медициналық қызметтерге бөлінген бюджет көлемі 1,3 трлн болса, осы МӘМС жобасы арқылы бюджетті 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайтып отырмыз, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі 2020 жылы 78%-ға 740,9 млрд теңгеге дейін ұлғаяды, бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыру арқылы халықты профилактикалық шаралармен толық қамтуды қамтамасыз етеді.
Ал, ТМККК және МӘМС жүйесінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 2,3 есеге артып, 197 млрд теңгені құрайды.
Бұдан басқа, келер жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 30%-ға, орташа медициналық қызметкерлерді 20%-ға дейін арттыру жоспарлануда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Министр жекеменшік медициналық орталықтарды аралады
Келесі жаңалық
Жетісуда медицина деңгейі төмен
Өзгелердің жаңалығы