Вице-министр КВИ-дің II толқынына дайындық жайында айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде айтты.

Жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ), тұмаудың және коронавирустық инфекциялардың ауыр түрлерінің дамуын болдырмау үшін амбулаториялық деңгейде барлық емханада дәрі-дәрмек тегін беріледі. Бірінші, КВИ инфекциясы бойынша берілетін 5 препарат. Бұл дәрі-дәрмектің барлығы емханада бар. Оның ішінде қызуға қарсы дәрілер, антибиотиктер және қабынуға қарсы дәрілер. Барлық препаратты учаскелік дәрігер науқастың жағдайына қарап жазып береді, - деді ол.

Ажар Ғинияттың айтуынша, әр пациент ауруханаға кедергісіз жатуы үшін инфекциялық стационарларда 14 мыңнан астам орын бар. 

Оның 1142-сі толық жабдықталған реанимациялық төсек-орын. Бүгінде жұқпалы аурулардың ауруханадағы жүктемесі 12%-ды ғана құрайды. ЖРВИ, тұмау, коронавирустық инфекцияға күдікті барлық науқас осы ауруханаларға жатқызылуда. Жалпы, еліміз бойынша эпидемияның екінші толқынына дайындық режиміне 51 мың төсек-орын қарастырылған. Оның 5,5 мыңы реанимациялық төсек-орын төрт мыңға жуық өкпені желдету аппаратымен жабдықталған. Қыркүйек айында тағы 1200 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты сатып алынып, барлық ауруханаға жеткізілді. 22 мың төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген, - деді ол. 

Вице-министрдің айтуынша, ауыр және өте ауыр науқастарға медициналық көмек көрсету министрліктің үнемі бақылауында. Бүгінгі таңда еліміз бойынша ауыр науқастардың саны – 107, ал механикалық желдетуде 21 науқас жатыр.

Бұған дейін ол осы жылдың тамыз, қыркүйек айларында ЖРВИ-мен тіркелгендер саны өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға төмендегенін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы