Вице-министр: Докторантураға тек білім алу үшін емес, нақты тапсырмамен баратын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл комиссия шешімімен 234 үміткерге "Болашақ" стипендиясы тағайындалды. Олар магистратура мен докторантурада білім алады, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік ұйымдарына тағылымдамаға жіберілетін болады. 

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мәлімдеді. 

Кеше ҚР мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия шешімімен 234 үміткерге стипендия тағайындалды. Олар магистратура мен докторантурада білім алады, сондай-ақ әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік ұйымдарына тағылымдамаға жіберілетін болады. Осы уақытқа дейін барлығы 10 854 маман даярланды. Түлектердің жалпы санының 54,3%-ы  әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтар, 36,7% – инженерлік-техникалық, 7,2% – медициналық және 1,8% – шығармашылық мамандықтар бойынша оқуларын аяқтады, - деді вице-министр Рүстем Биғари. 

Биыл өткен республикалық комиссияның екі отырысының қорытындысы бойынша үлестірілген стипендияның 92%-ы магистратура бағдарламалары, 8%-ы докторантура бойынша тағайындалды.

Келесі жылдан бастап үміткерлерге жаңа талаптар қойылатын болады. Енді үміткерлер доктарантураға тек оқып, білім алу үшін емес, нақты тапсырмамен баратын болады. Яғни, мақсатты түрде бағытталады. Осыған дейін инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша және мемлекеттік қызметкерлерге квота бөлініп келді. Келесі жылдан бастап бұл квотана алып тастаймыз. Үміткерлер тек жалпы конкурсқа қатысып қана степендия иегері атана алады, - деп айтты министрлік өкілі. 

Стипендиаттарды санаттар бойынша бөлсек, мемлекеттік қызметкерлер – 21, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері – 4, өз бетімен түскендер – 200, инженерлік-техникалық қызметкерлер – 12, жалпы конкурс – 65, ғылыми-педагогикалық қызметкерлер – 19 адамды құрайды.

2020 жылдан бастап "Болашақ" халықаралық стипендиясын жүзеге асырудың жаңа тәсілдері енгізілмек. Олар конкурстық іріктеуді жүргізу тетіктерін жетілдіруді және автоматтандыруды, оның кезеңдерін қысқартуды, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын оңтайландыруды, жұмыс органының жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бұдан басқа, стипендиаттарды оқытуға байланысты барлық академиялық процестер қосымша реттелетін болады, - деп атап өтті ол брифингте. 

Бүгінде стипендиаттарды елдер бойынша Австралияда – 4, Ұлыбританияда – 242, Канадада – 4, Италияда – 7, АҚШ-та – 54, Германияда – 2, Бельгияда – 2, Ресейде – 4, ал Нидерландыда – 2 студент білім алуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы