Еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Вице-министр депутаттардың сынына ашына жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте Ирина Смирнова, Жәмилә Нұрманбетова секілді депутаттар қашықтан оқыту ұйымдаспағанын айтып, мәселе көтерген. Осыған байланысты білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді. 

Бүгінгі күні барлық оқушы оқу процесіне кірісті. Мектеп оқушыларының 73 пайызы қашықтан оқып жатыр. Штаттық режимде оқып жатқан 3000-ға жуық мектеп бар. Бұл Қазақстандағы 7 000 мектептің 43 пайызын құрайды. Мектептерде 1-4 сыныптар және мектепалды сыныптарда кезекші сыныптар жұмыстарын бастады. Оларда 547 мыңнан аса оқушы оқып жатыр. Осы жерде айта кететіні, 60 пайызға жуығы бірінші сынып оқушылары. Сондықтан "оқу жылының ұйымдаспаған түрде басталуына байланысты" ақпарат шындыққа жанаспайды. Бүгінгі күні 500 мыңнан астам мұғалім барлық білім мекемесінде сабақтарын беріп жатыр. Олардың еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Министрлік бұған дейінгі уақытта да ұстаздарға алғысын айтып келді. Қазіргі қиын жағдайда әр түрлі форматта жұмыс істеп жатқан мұғалімдерге министрлік тарапынан алғысымды айтамын, - дейді Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, депутаттар мен әлеуметтік желідегі ата-аналардың шағымдарына министрлік жеке-жеке жауап беріп, мәселелерді шешуге тырысады. 

Жаңа оқу жылының 9-күніне келіп жеттік. Бір күннің ішінде 2 миллионнан астам сабақтың берілгенін көріп отырмыз. Әрине, қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша да, штаттық режим бойынша да бірқатар жұмыс атқарылды. Бұл жерде санитарлық талаптарды сақтауға байланысты және компьютерді қажет ететін оқушылар қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар істелінді. Бүгінгі күнге дейін 435 мың оқушы компьютермен қамтамасыз етілді. Әрине, қашықтан оқыту кезінде проблемалардың бар екенін білеміз. Осы мәселелер бойынша Білім және ғылым министрлігі білім мекемелерімен бірлесіп біраз жұмыс атқарып жатыр. Әлеуметтік желілердегі ата-аналардың, Мәжілістегі депутаттардың да жанайқайын естіп, көріп отырмыз. Әрқайсысына жеке жауап беріп, шешу сұрақтарымен айналысып жатырмыз. Бір күннің ішіндегі өткізілген 2 миллион сабақтың бір-екеуі сәтсіз болғаны ZOOM қосымшасына байланысты, - дейді вице-министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы