Вице-министр: Әлеуметтік желілердің өскелең ұрпақтың ақыл-ойына әсері орасан зор
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балаларымыздың толыққанды, жан-жақты дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау - еліміздің даму саласындағы мемлекет саясатының басты міндеті. Тұлғаның толық дамуы психикалық, эмоционалдық, физикалық және рухани интеллект тұрғысынан қалыптасуында жатыр. Ата-бабамыздан мирас болып қалған дала заңдылықтарын терең түсінген дана халық ретінде келешегіміз балаларымыздың төрт құбыласы түгел, зиялы ұрпақ ретінде қалыптасуында екенін ескеруіміз керек, - деп айтты вице-министр.
Ешенқұлов қазіргі заманда тәрбие беру мәселелері жаһандық сипатқа ие болып отырғанын атап өтті.
Бүгінде әлеуметтік желілердің өскелең ұрпақтың ақыл-ойы мен санасына әсері орасан зор. Сәйкесінше ата-аналарға оған қарсы тұру күннен-күнге қиындап бара жатқанын да көріп отырмыз. Мұны ешкім жеке, өз күшімен шеше алмайды. Ол үшін ата-аналардың, мектеп пен университеттердің әр баланың ерекше дарынын ашып, дамыту үшін бірлескен күш-жігер қажет. Осылай ғана бірлесіп қана өскелең ұрпаққа тәрбие бере аламыз, - дейді ол форумда.
Сөзінше, Ғылым және жоғары білім министрлігі ата-аналар мен бала тәрбиесіндегі жаңа тиімді тәсілдерді бірлесе жасауға дайын.
Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден аса белсенді ата-ана қатысып жатыр.
Форумның мақсаты – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі белсенділігін арттыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі сынды өзекті тақырыптарды талқылау, шешімін ұсыну.
Ата-аналар форумы биыл осымен үшінші рет өткізіліп жатқанын еске сала кетейік.
Осыған дейін форум барысында 1 қыркүйектен бастап мектептерде біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілетіні белгілі болды.