Вирусты жұқтыру көрсеткіші жоғары өңірлерде карантиндік шараларды күшейту қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарының және Алматы қаласының әкімдігі де карантиндік шараларды күшейтулері қажет. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлім етті.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында және Шығыс Қазақстан облысында карантинді қатаңдату ұсынылған.

Оның айтуынша, соңғы 7 күнде 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 10,1-ге жеткенін ескере отырып, республика бойынша репродуктивтілік көрсеткіш - 1,08.

Мұндайда жалпы еліміз бойынша карантиндік шараларды күшейту орынсыз деп санаймыз, бірақ сырқаттану көрсеткіші жоғары өңірлерде карантин талаптарын күшейту керек. Бірақ қазіргі шектеу шараларын да бәсеңдетуге болмайды, - деді ол.

Сондай-ақ, ол карантиндік талаптарды бұзғандар жөнінде мәлімет келтірді. Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысы карантин режимін бұзғандардың көш басында тұр.

Қазіргі уақытта әкімдіктер жанындағы 873 мобильді мониторингтік топ карантиндік шаралардың сақталуын рейдтік тексеруді жалғастыруда. Карантин режимі жеңілдеген сәттен бастап - 18 қыркүйектен 12 қазанға дейін 26 013 объектіні тексердік, соның ішінде 3302 объектіде талап бұзылғаны анықталды. Соңғы үш аптада Нұр-Сұлтан қаласында ереже жиі бұзылған, тексерілген объектілердің 37%-ы санитариялық-эпидемияға және санитариялық-профилактикалық шаралар мен карантин режимі талаптарын сақтамай жұмыс істеген, Алматы облысында бұл көрсеткіш - 35%, - деді Ерлан Қиясов.

Оның сөзінше, азаматтар маска кимейді, әлеуметтік ара қашықтық сақталмаған, карантин кезеңінде қызметіне тыйым салынған объектілер жұмыс істеп тұр, қолғап пен антисептик қойылмаған, адам көп жиналатын іс-шара өткізген. Жалпы, аталған кезеңде 1566 адамға әкімшілік айыппұл салынды, Түркістан облысында – 431, Нұр-Сұлтан қаласында – 105 және Шымкент қаласында – 106 мекеме жауапқа тартылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы