Вирус жұқтырғандарды ауруханаға қалай қабылдап жатыр?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазір Еуропаның көптеген елінде коронавирустың екінші толқыны басталып кетті. Еліміздегі аурухалардың дайындығы қандай? Олар қажетті аппарат, дәрі-дәрмекпен қамтылған ба? Ауруханаға түсіп жатқандардың сырқат деңгейі қандай? Осы және басқа да мәселелер бойынша бүгін Алматыдағы И. С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына барып, мән-жайды біліп қайттық.

Аталған аурухананың бас ғимараты 160 орынға арналған, сондай-ақ 280 және 300 орынды екі модульдік орталық пен 500 төсек орынға арналған филиалы ашылған. Оған қоса 200 орынға есептелген балалар жұқпалы ауруханасы бар. Сондай-ақ, қала әкімдігінің  бастамасымен басқа да провизорлық орталықтар жасақталған, барлығы 7 мыңнан аса орын дайын. 


И. С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Ұтағанов коронавирустың екінші толқынына дайындық ертерек басталып кеткенін айтады. 

Бұған дейін қаламызда жұқпалы аурулар ауруханасының үш филиалы ашылды. Ол екі модульдік орталық және 500 төсекті филиал ашылды. Жаңадан ашылған осы филиалдың барлығы қажетті  құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соңғы үлгідегі техника, зертханалық аппараттар жеткізілді. Оның үстіне әр төсекке оттегі көздері тартылған, - дейді ол. 
Сонымен қатар, ол коронавирус жұқтырған науқастар қазір ауруханаға қандай альгоритм бойынша қабылданып жатқанын түсінідіріп өтті.


Бізге алдымен жедел жәрдем станциясынан хабарлама келеді. Ол жерде науқастың жағдайы, сырқатының деңгейі толық айтылады. Егер науқастың жағдайы өте ауыр болса біз бірден жансақтау бөлімін дайындаймыз, яғни қажетті аппаратура, құрал-жабдықтарды жеткіземіз. Егер науқастың жағдайы орташа болса онда ол бірден бөлімшеге түседі. Сондай-ақ ПТР сынамасы оң болған адам тест қорытындысымен келсе, ол вирус анықталған науқастар бөлімшесіне жатқызылады. Ал тесттен өтпеген, бірақ пневмония белгісі бар науқастар абсервация бөлімшесіне жатқызылады. Бір сөзбен айтқанда науқастар ауру деңгейіне қарай бөлек-бөлек жатқызылады. ПТР сынамасы жоқтардан аурухана ішінде сынама аламыз, - дейді дәрігер. 
Оның айтуынша, жағдайы ауыр науқастар дегеніміз – пневмония және тыныс жетіспеушілігімен келгендер. Оған қоса өзінің созылмалы, басқа да ауруларының асқынауымен түсетіндер. Мәселен, жүрек, бүйрек ауруы барлар болуы мүмкін. 

Қазіргі таңда Алматыдағы Бірінші модульдік орталық Ковидті орталық болып саналады. Вирус жұқтырғандарды сол жерде қабылдап жатыр екен. 


Ауруханаға түсіп жатқандардың жас ерекшелігіне келсек негізінен 45 жастан жоғарылар. Күзге қарай балалар арасында вирус жұқтыру жағдайы ұлғаятыны болжанған. Дегенмен қазір балалар ауруханасына коронавируспен түсіп жатқандар санының артуы байқалмайды, - дейді Бақыт Ұтағанов. 

Сөз арасында ол аурухана филиалдарының барлығы қажетті құрал-жабдықтармен және мамандармен толық қамтылғанын жеткізді.

Шілде айынан бастап әкімдіктің, Денсаулық сақтау министрлігінің демеушілігімен қажетті аппараттар алынды. Жазды күні Жұқпалы аурулар ауруханасының модульдік филиалдарымен қоса өзге ауруханаларда 17 филиалы ашылды. Олардың барлығы қажетті аппараттармен қамтамасыз етілген болатын. Сондай-ақ, коронавирусті емдеуге қатысты мамандар да жеткілікті. Жаз кезінде мамандар жетіспей көптеген дәрігер поликлиникадан шақырылды. Олар қазір өздерінің бұрынғы қызметтерімен айналысып жатыр. Егер ауру жұқтырғандар қатары күрт көбейсе сол мамандарды қайта шақыра аламыз, - дейді ол. 

Пандемияның алғашқы кезеңінде көптеген медициналық ұйымның қызметкерлері вирус жұқтырып, тіптен осы індеттен көз жұмған кездері де болған еді. Біз барған жұқпалы ауруханада вирус жұқтырған дәрігерлер саны аз болыпты, оның үстіне вирустан қаза тапқандар тіркелмеген.


Дәрігер алда болжанып отырған коронавиурстың екінші толқынын айналып өтуге болатынын айтады. Ол үшін қарапайым ережелерді ұстану қажет көрінеді.

Коронавирустың екінші толқынын айналып өтуге болады. Ол үшін халық карантин ережелерін міндетті түрде сақтауы қажет. Маска тағып, әлеуметтік арақашықтықты ұстану керек. Той-томалақты азайтқан жөн. Үйді жиі желдетіп, қолды жуып отыру керек, өйткені бұл ауру тек ауа тамшысымен жұқпайды, байланыс жолмен де жұғады. Оған қоса иммунитетті көтеру керек. Ол үшін таза ауада серуендеп, құнарлы, дәріменге бай тамақ ішу қажет, - дейді ол Б. Ұтағанов. 


Аталған аурухананың Жарқынды терапия және реанимация бөлімінің меңгерушісі Манас Әбділдаев қазір Модульді орталықта вирус жұқтырған 133 адам емделіп жатқанын айтады. 

Ол науқастардың жағдайы орташа. Ең ауыр жағдаймен жансақтау бөліміне түскен 10-ға жуық адам бар. Вирусты екінші рет жұқтырып келіп жатқан бір-екі адамды өзім кездестірдім. Жаңадан жұқтырды ма әлде бұрынғы сырқатынан толық сауықпаған ба ол жағы белгісіз. Жалпы аурухана дәрігерлері коронавирустың екінші толқынына жүз пайыз дайын. Бастапқы кездегідей емес, қазір берілген хаттамаға сай ем жүргізуді толық меңгердік. Вирустың тактикасын да үйрендік, түсіндік. Соған сай тиімді ем жүргіземіз, ол өз нәтижесін беріп жатыр, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы