Енді емделуден бас тартқан қытайлықтар қылмыскер саналады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Хубэй провинциясының билігі карантинге мойынсұнбаған 2019-nCoV коронавирусын тасымалдаушыларды қылмыстық жауапкершілікке тартатын болды.
Бұл туралы РИА Новости аймақтың қоғамдық қауіпсіздік басқармасына сілтеме жасай отырып хабарлады.
Сонымен қатар, ауру жұқтыру мақсатында басқа адамдарға "түкірген" науқастар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Бұдан бөлек, медициналық қызметкерлерге қасақана зиянын тигізуге, оларға шабуыл жасау, мемлекеттік және жекеменшік мүлікке залал келтіруге, медициналық қызметкерге көпшілік алдында тіл тигізу және оларды қорқытуға әрекеттенгендер де қатаң жазаланады.
Айта кетейік, 30 қаңтардағы жағдай бойынша Қытайда коронавирустан көз жұмғандар саны 170-ке жетті, ал ауруға шалдыққандар саны 7700 адамнан асты. 170 науқас ауруынан айыққан. Қазір ҚХР-да вирус тарамаған аймақ қалмады.
Қытайдан басқа, ауыр дертке тап болғандар Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Таиландта, АҚШ-та, Германияда, Австралияда, Финляндияда, Францияда, Малайзияда, БАӘ, Канадада анықталды.