VII «Бұқаралық спорт Олимпиадасы» мәресіне жетті
Алматы, BAQ.KZ. Қостанай қаласында VII Халық спорты ойындары мәресіне жетті. Бұқаралық спорт Олимпиадасы аталып кеткен бәсекеде соңғы болып қол күрес пен шағын футбол шеберлері кім мықтыны анықтады.
Он күнге созылған ойындарда Қостанай облысы жеңімпаз атанса, Алматы қаласы - екінші, Нұр-Сұлтан қаласы 3-орын алды. Топ жарған команда мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Республикалық Спортты дамыту дирекциясы Бұқаралық спорт түрлері басқармасының басшысы Ғазиз Серікбаев, Қостанай облысы спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысының орынбасары Елена Киреева қатысты.
Бүгінде бұл кешенді бәсеке спорттың бұқаралық сипат алуына көп үлес қосты деуге болады. Әр облыстың, қаланың түкпір-түкпірінде іріктеу өтіп, халық арасында кең танылып үлгерді. Биыл осы кезеңдерден сүрінбей өткен 1200-ден астам спортшы осында өз облысының намысын абыроймен қорғады. Тартысқа толы жарыстарда ел ішінен шыққан таңдаулы спортшы екенін паш етті. Бұған осында жиналған сіз бен біз куә болдық. Осы тұста биылғы кешенді жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған Қостанай облысы әкімдігіне, соның ішінде облыстық спорт басқармасына ерекше алғыс айтамын. Енді 4 жылдан кейін 8-ші Халық спорты ойындарын түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қабылдайды. Жас облыс осы межеден түспей, жарыстың мәртебесін арттыра түседі деп сенеміз, - деді Ғазиз Серікбаев.
Қостанайда келесі Халық спорты ойындарын қабылдайтын өңір анықталды. Енді 2026 жылы кешенді доданы Түркістан облысы қабылдамақ. Ойындардың жабылу рәсімінде кезекті алған оңтүстік облыстың өкілі Жазира Мүслімова келесі ойындарды осылай жоғары деңгейде өткізуге тырысатындарын айтты. Сондай-ақ бұл Түркістан облысында бұқаралық спорттың дамуына ерекше серпін беретініне тоқталып өтті.
Айта кетейік, Қостанайдағы Халық спорты ойындарына 17 команданың 1 200-ден астам спортшысы қатысты. Олар 10 күн бойы 9 спорт түрі – шағын футбол, баскетбол (3х3), волейбол (ерлер, әйелдер), үстел теннисі, қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, гір спорты мен қол күрестен сынға түсті. Сондай-ақ әр өңірден келген 200-ге жуық төреші бәсекелердің барынша әділ өтуіне ат салысты.