Бүгiн 2026, 12:44 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

ВИЧ дерті барын біле тұра зорлық жасаған алматылық 5 жылға сотталды

Ол әріптесіне вирусты әдейі жұқтырмақ болған

Алматыда АИТВ жұқтырған ер адам зорлау ісі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот мәліметінше, сотталушы Ш.-ға қатысты жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталмаған. Ол тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды.

ҚР ҚК-нің 118-бабы 1-бөлігі (басқа адамды ВИЧ жұқтыру қаупіне қасақана ұшырату) бойынша, бұл қылмыс қылмыстық теріс қылық санатына жататындықтан және мерзімі өтуіне байланысты Ш. жауапкершіліктен босатылды. Ал ҚК-нің 120-бабы 1-бөлігі (жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып зорлау) бойынша оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген хабарламада.

Іс Медеу аудандық №2 сотында қаралған.

Сотта 2025 жылдың наурыз айында Ш. әріптесі А.-ны психофизиологиялық жағдайына әсер ететін белгісіз затты қолдануға көндіріп, оны дәрменсіз күйге түсіргені анықталған. Осы жағдайды пайдаланып, жәбірленушінің еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен.

Сондай-ақ, сотталушы өзінің АИТВ инфекциясын жұқтырғанын біле тұра, жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түсу арқылы оған әдейі жұқтырмақ болған. Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтары, сондай-ақ бейнежазба арқылы дәлелденген.

Сотта Ш. өз кінәсін мойындамаған. Жәбірленуші оны бас бостандығынан айыруды сұраған. Ал прокурор қылмыстар жиынтығы бойынша 5 жыл 4 ай жаза тағайындауды ұсынған.