Вице-премьер Алматыдағы туристік нысандарға барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласының туристік нысандарына барды. 

Сапар аясында Мәдениет және спорт министрлігінің, Алматы қаласы әкімдігінің, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілдері кәсіпкерлермен бірге Шымбұлақ таулы курортында бірқатар туристік жобаны таныстырды. 

Ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, «Tenir» шаңғы және сноуборд мектебі мен «SNEG» эко-қонақүйлер желісінің тұсаукесері болды.


Мұндай жобалар өткен жылы Премьер-министр Асқар Маминнің бастауымен құрылған, құрамына Kazakh Tourism өкілдері мен Алматы қаласы және Алматы облысының әкімдіктері енген Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі бірлескен жобалық кеңсе арқылы жүзеге асырылады, - деп мәлімдеді Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев.

Делегация алдымен таулы курорттың ең төмен және ең биік нүктелерінде орналасқан екі жаңа туристік орталықта болды. 

Мұнда туристерге курорт туралы, Алматы қаласы және Алматы облысының туристік мүмкіндіктері, көрікті жерлер, сондай-ақ еліміздің негізгі туристік бағыттары туралы егжей-тегжейлі айтылды. 


Сонымен қатар визит-орталықтарында қажетті құрал-жабдықтарды жалға алуға, кәдесыйлар мен ойын-сауық аттракциондарына, белсенді іс-шараларға билеттер сатып алуға және тау нұсқаушыларының қызметтерін пайдалануға болады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, визит-орталықтары туристерді белгілі бір жермен таныстырудың алғашқы нүктесі болып табылады, онда келушілер алғашқы минуттардан бастап өздеріне ғана емес, қоршаған ортаға да қамқорлық жасау керегін түсінеді. Дәл осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып, біз Шымбұлақ таулы курортында да осыған ұқсас тәсіл қолдануды ұсындық, - деді «Kazakh Tourism» ҰК басқарма төрағасының орынбасары Садуақасов.

Ералы Тоғжанов қатысушыларды визит-орталықтың ашылуымен құттықтап, ашылған нысандардың маңыздылғын атап өтті. 


Делегация курорттың 3200 м биіктікте орналасқан ең биік нүктесінде, Іле Алатауының тауларымен қоршалған және әлемдегі жетінші биіктікте орналасқан «Теңірді» аралады. Бұл өңірлер таулы аймақтың мүмкіндерін кеңейтіп, шетелдік туристердің Қазақстанға қосымша назарын аударуға сеп болады.

Кешеннің өзі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін және 30 төсекке арналған 10 экоүйден тұрады.


Қазіргі заманауи өзгерістер туристерді экологиялық бағдарланған демалыс форматына көбірек тартуда. Егер мұндай ойын-сауықты әдеттегі жайлы тұру әдісімен үйлестіру мүмкін болса, онда көптеген саяхатшылардың сапар шегетін жерін таңдауда гламмингтер шешуші рөл атқарады. Экологиялық технологияларды қолдануды ескере отырып, мұндай жобалар барлығының көңілінен шығуы керек, - дейді инвестор Сарыбеков.

Жұмыс тобы сонымен қатар 2021-22 жылдары Алматы облысының туристік қызығушылығы бар жерлерде жүзеге асырылатын «S.N.E.G» қонақ үй желісінің жобасымен танысты. Сонымен бірге инвестор Премьер-министрдің орынбасарына бүгінде құрылыстың бірінші кезеңі үш түрлі жерде басталатынын хабарлады.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов сапар барысында шаңғы және сноуборд мектебінің балаларымен және нұсқаушыларымен әңгімелесті. Өткен жылы тау курорты кешенінде қалалық әкімдіктің қолдауымен 1200-ден астам бала тегін жаттыққан. 

Қорытынды бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов біріккен Жобалық кеңсенің атқарған жұмысының маңыздылығын атап өтіп, жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.

Айта кетейік, бүгін вице-премьер Ералы Тоғжанов Алматыдағы COVID-19-ға қатысты қазіргі жағдаймен танысып, қалада жаңа шектеулер енгізген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы