Вейптерге тыйым керек пе немесе электронды темекі нарығын қалай реттеу керек?

Қазақстанда қоғамдық петиция алғаш рет 50 мың қол жинады. Бүгін қоғамдық кампанияның нәтижелеріне қатысты баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналист, блогер және Tastau.qaz зиянды азайту қоғамдастығының негізін қалаушы Татьяна Фоминова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына еш әсері жоқ тыйымдарға қарсы петиция жариялаған болатын. Құжатта вейптерге тыйым салу мәселесі де қызу талқыланды.

Бүгінгі күні жұмыс істемейтін тыйымдарға қарсы петиция 50 мың қол жинады. Мұның қазақстандықтар үшін маңызды екенін көруге болады. Алматы, Астана, Шымкент сияқты қалалар қол жинауда алда тұр. 3 аптаның ішінде осындай қол жиналды. «Вейптерге тыйым салу туралы» петиция әлі күнге дейін 19 мың ғана дауыс жинаған. Петиция арқылы біз жақында ғана сайланған депутаттар мен Денсаулық сақтау министрлігіне еш әсері жоқ тыйымдарды шығаруды тоқтатуды өтінген болатынбыз. Біз бұл жерде нақты вейптер туралы мәселені көтердік. Қазіргі күні елімізде Денсаулық сақтау министрлігі, Мәжіліс депутаттары мен темекіге қарсы белсенділер вейптерге қарсы шығып жүр, - деді Татьяна Фоминова.

Вейптер зиянсыз немесе оның адам денсаулығына пайдалы деп ешкім айтпайды. Бірақ оның темекіге қарағанда зияны төменірек екені байқалады. Ол вейпті тастап, қайта темекіге оралғаннан пайда жоқ екенін айтады.

Айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы әр төрт жыл сайын республика бойынша оқушылар арасында темекі шегу мен вейптерді пайалануға қатысты сауалнама жүргізеді. Былтыр 11, 13 және 15 жас шамасындағы 8 500 жасөспірімнің арасында осындай сауалнама жүргізілген. Сауалнаманың нәтижесі балалардың ерте жастан темекіге әуестенгенін көрсетті. Яғни қорытындысы бойынша соңғы 30 күнде сауалнамаға қатысқандардың 4,1%-ы темекі тартқан.

Фоминова атап өткендей, ересек темекі шегушілерге арнайы жасалған өнімдердің кәмелетке толмағандар арасында сатылуына тыйым салынса да, қолданыстағы нормалардың бұзылуына байланысты жасөспірімдер арасында осы өнім кең тарап кетті. Фоминова тыйым салу мәселені шешпейтінін, тек вейп өнімдерін «көлеңкелі сауда айналымына» түсіріп, жемқорларға жағдай жасап береді деп есептейді.

Осыдан 3 жыл бұрын кальянға тыйым салғаны әлі есімізде. Бірақ оның қаншалықты тиімсіз болғанын жоққа шығара алмаймыз. Кальян «көлеңкелі» айналымға кетті, осылайша мемлекет ешқандай салық алып жатқан жоқ, - деді ол.

Петицияда не айтылған?

Қоғам белсенділері балалар мен жасөспірімдер арасында вейпті қолдану кең таралып, індетке айналып бара жатқанына тыйым салу қажеттігіне дәлел келтіріп отыр. Біз де осымен келісеміз. Кәмелет жасына толмаған адамдар ешбір жағдайда никотин өнімдерін қолданбауы тиіс, - деп жазылған петицияда.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 110-бабында кәмелетке толмағандарға вейп сатуға тыйым салу мәселесі қарастырылған. Темекі бұйымдарының, оның ішінде электронды бұйымдардың да, кассада сатылмауы және ашық орындарда тұрмауы керек деген ереже бар. Жасөспірімдерге вейптерді заңсыз сатуды қадағалаудың көптеген жолы бар, бұл үшін бақылау жүргізетін органдардың жұмысын тиісті деңгейде реттеу керек.

Мәселенің шешімі бар ма?

Қазақстан вейперлер қауымдастығының өкілі Антон Шишковский темекі нарығын реттеу керегін айтады.

Қазіргі күні вейптердің 70-80 пайызы «көлеңкелі» нарықта. Мұның жалғыз себебі – тексеруге мораторий жарияланғандықтан реттеудің болмауы. Бәріміз білетіндей, елімізде 3 бойы мораторий күшінде. Біз айтып отырған өнімдер дәл осы 3 жылдың ішінде нарыққа кіріп алды. Яғни бұл осынай теріс жағдайға алып келді. Бұл қалай болды? Табыстың соңынан қуған жауапсыз сатушылар кәмелетке толмағандарға вейптер сата бастады. Оларды ешкім тексермеді, жұмысын реттемеді. Оған қоса олардың кейбірі 21 жасқа толмағандарға оны сатуға болмайтынын да хабарсыз болды. Бір сөзбен айтқанда, елімізде осындай заң бұзғандарды ешкім сөкпеді, жазаламады, - деді Шишковкий.

Айтуынша, соңғы жылдары осы саланы реттеу үшін үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, акциз, маркировка енгізіліп, дәл осы өнім бойынша стандарттар енгізілді.

2022 жылы темекі өнеркәсібінен төленген салықтың жалпы сомасы 274 млрд теңге. Оның шамамен 3 млрд теңгесі электронды темекіге төленген.

Шишковский ересектер үшін электронды темекенің зияны төменірек екені баршаға мәлім екенін атты. Оны көптеген дамыған ел де мойындаған. Ол зияны төмен өнімге тыйым салу оны тұтынатындардың пікірін елемеу екенін айтты.

Qazspirits қауымдастығының басшысы Дмитрий Жуков 2021 жылы қауымдастық Үкіметке электронды темекі санатын реттеу туралы ұсыныс жібергенін айтты.

Темекіге қарсы ұйымдар мен Денсаулық сақтау министрлігі ұсынысымызды қарау мәселесін уақытша тоқтатты. Мұндай реттеуді ЕАЭО деңгейінде енгізу керектігі айтылды және осындай кемшіліктер елімізде кәмелетке толмағандардың осы өнімге қол жеткізе алуына түрткі болды, - деді ол.

Олар Үкімет пен Мәжіліс депутаттарын осы азаматтық сауалға назар аударып, толық тыйым салу емес, қатаң реттеу мәселесін қарастыруға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы