Вейптер мәселесін іс жүзінде шешеміз бе, әлде тек қағаз жүзінде ме?
Заңға жұмыс істемейтін түзетулер енгізе бергенше, қолданыстағы заңнаманы сақтай отыра, реттеуді қатаңдату арқылы жасөспірімдер арасында вейптердің жаппай таралу мәселесін шешуді көздейтін петиция жарияланды.
Петиция авторы – журналист, блогер, Tastau.qaz қауымдастығының негізін қалаушы Татьяна Фоминова.
Көпшілік білетіндей, жуырда Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда вейпке тыйым салуды ұсынды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, жасөспірімдердің бұл құрылғыларға әуестігі күннен күнге артып, эпидемия ауқымына жақындады. Тыйым салудың бастамашылары әрдайым іс-шаралар өткізіп, тыйым салу – ең дұрыс шешім дегенді алға тартады. Тіпті Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, Аманат партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі Ахатай Баянның атынан петиция жариялаған.
Петиция авторы «өнім әдетте Қазақстанға заңсыз, белгісіз мөлшерде әкелінетінін, оны кім өндіретінін және құрамында не барын ешкім білмейтінін» айтады. Осыған қарамастан, петиция сауда нүктелерін бақылауды күшейтуге және заңсыз өнімді әкелуді реттеуге емес, республика аумағында вейптерге толық тыйым салуды көздейді.
Татьяна Фоминова, журналист және Tastau.qaz зиянды азайту қауымдастығының негізін қалаушы бұған кереғар петиция бастады – ол тыйым салуды емес, реттеуді күшейтуді ұсынады. Оның айтуынша, тыйым қабылданған жағдайда да ол тек қағаз жүзінде қалады, ал вейптер ешқайда жоғалмайды, жай ғана «көлеңкелі бизнеске» айналады.
Вейптер де көлеңкелі айналымда жүрген кальяндардың «тағдырын қайталап», қағаз жүзінде ғана «тыйылады» деп сенеді қоғам белсендісі. Сонымен қатар, Халық денсаулығы және Денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекс темекі және никотин өнімдерін, соның ішінде электронды өнімдерді сөрелерге қоюға және оларды балаларға сатуға тыйым салады, бірақ бұл шара әлі де жұмыс істемейді.
Қолданыстағы заңдар жұмыс істемеген жағдайда неге жаппай тыйым салуға әуеспіз?! Бар заңды реттеудің орнына, жасөспірімерге вейптер сататын дүкендерге рейд жүргізудің орнына, тағы да сол тыйым салу әдісін қолданбақшы, - деп ашынды Фоминова.
Қоғам белсендісінің пікірінше, тыйым салу контрабанда нарығын арттырады. Бұған қазірдің өзінде дәлелдер бар. Мәселен, 22 мамырда ҰҚК шекарашылары Қытаймен шекарадағы «Достық» БӨП-те Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, ілеспе құжаттарсыз электрондық темекінің ірі партиясын кіргізуге тырысқан ҚР үш азаматын ұстағаны белгілі болды. Тәркіленген тауардың алдын ала құны – 2,4 млрд теңге. Ұсталғандар мен жүк көлігі әрі қарайғы тексеру үшін ҚМ Экономикалық тергеу департаментінің аумақтық бөлімшесіне берілді. Мұндай жағдай аз емес.
Яғни, қолданыстағы шектеулерге қарамастан, контрабанда өркендеп келеді және тыйым тек көлеңкелі нарықтың кеңеюіне ықпал етеді, бірақ қазақстандықтардың, оның ішінде өскелең ұрпақтың денсаулығына оң әсер ете алмайды. Көптеген елдің тәжірибесі көрсеткендей, мүлдем реттеуге келмейтін көлеңкелі нарықтан гөрі, түсінікті заңдар мен ережелер арқылы ашық нарықты реттеу тиімді.
Татьяна Фоминова сыбайлас жемқорлықтың өркендеуіне әкелетін, іс жүзінде жұмыс істемейтін заңдар қажет емес дейді. Қолданыстағы тыйым неге жұмыс істемейтінін түсіну және оны жетілдіру әлдеқайда тиімді болады.
Ересектер жейтін, бірақ балалар үшін қауіпті тағамдарға тыйым салайық, онда? Ішімдікке тыйым салайық, автокөліктерді алып тастайық, дәрі-дәрмектерді сатуды мүлдем тоқтатайық... «бұл балалар үшін қауіпті» деген желеумен мен қазір мыңдаған тыйым ойлап таба аламын. Вейптер – ересектерге арналған темекі өнімі. Ол балаларға қолжетімсіз болуы үшін оны балаларға сатпау керек – бәрі де қарапайым. Темекі мен алкогольге қатысты бұл жұмыс істеді ғой. Олай болса, вейптермен де жұмыс істейтіндей етейік, - дейді Фоминова.
Ол петицияны Президент Тоқаевтың атына жолдады және тыйым салу арқылы көлеңкелі экономиканы өркендетпей, темекі мен никотин өнімдерін тұтынуды тиімді – қоғам денсаулығы үшін пайдамен және экономикаға зиян келтірместен реттеуді ұсынады. Оған қоса, бізде темекі өнімдерінің саудасын қадағалаудың тамаша тәжірибесі бар екенін айтады – темекі мен электронды темекі елде дұрыс реттелген, балалар мен жасөспірімдерге қолжетімсіз. Вейптерге қатысты да осындай жұмыс істейтін жүйені құруды ұсынады.
Денсаулық сақтау министрлігінен қолданыстағы ережелер мен заңдардың орындалуына және олардың күшеюіне назар аударуды сұраймын (сөрелерде орналастыруға тыйым салу, белгілеу және барлық арналар арқылы сауданы қадағалау, акциздер, кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салу) – бұл құқық қорғау органдарының проблемасы, дәл осы жерде Денсаулық сақтау министрлігі белсенді болуы керек және осыған қатысты жұмысты үкіметте/аймақтарда жылжытуы керек, - деп үндейді Татьяна Фоминова.