Вьетнамда бір күнде есірткі таратқан 11 адам өлім жазасына кесілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Вьетнамда соттар бір күн ішінде 11 адамға өлім жазасын кесті. Оларға есірткі таратты деген айып тағылған. Тағы үш адам өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Бұл туралы Vietnam Express газетіне сілтеме жасап lenta.ru хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, Хошимин қаласының соты елге ауыр есірткілерді, оның ішінде героинді кіргізген топтың сегіз мүшесіне өлім жазасын кесті. Олардың тағы бір сыбайласы өмір бойы бас бостандығынан айрылды. Олар тыйым салынған заттарды Дананг порты арқылы кіргізіп отырған.

Сол күні Сон Ла провинциясының соты есірткі диллері болып жүрген 3 адамға өлім жазасын тағайындау туралы үкім шығарды. Олардың екі сыбайлас өмір бойы бас бостандығынан айрылса, тағы бір сыбайласы 18 жылға темір торға қамалды. Топтың жетінші мүшесіне іздеу салынды. Ұсталғандардың біреуінің үйінен салмағы 7,6 килограмнан асатын героин мен амфетамин табылған.

Газеттің хабарлауынша, әлем бойынша ең қатаң жазаға қарамастан, елдегі есірткі тарату және контрабанда жиілеп кеткен. Вьетнамда 600 грамм героин немесе 2,5 килограмм басқа да тыйым салынған заттарды сақтау және 100 грамм героин немесе 300 грамм басқа есірткілерді тарату үшін өлім жазасы беріледі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы