Вьетнам президентінің көмекшісіне мерейтойлық медалі табыс етілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент сарайында Қазақстанның Вьетнамдағы елшісі Ерлан Байжанов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалін Вьетнам Президенті әкімшілігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нгуен Ву Ха Леге табыс етті.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Е.Байжанов Нгуен Ву Ха Ленің қазақстан-вьетнам қарым-қатынастарын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін мерейтойлық медалімен марапатталғанын атап өтті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасын елімізде болып жатқан үдерістер, оның ішінде «Жаңа Қазақстанды» терең жаңғыртуға және құруға бағытталған жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы хабардар етті.
Нгуен Ву Ха Ле Қазақстан Президентіне екіжақты байланыстарды нығайтуға бағытталған қызметіне жоғары баға бергені үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың маңыздылығын айта отырып, екіжақты саяси ынтымақтастықты нығайту мақсатында өзара тиімдірек әрекет ету үшін екі ел Президенттерінің әкімшіліктері арасында тікелей байланыс орнатуды ұсынды.