Вьетнам инвесторы Qazaq Air-дің қарызын жауып бермек
«Самұрық-Қазына» АҚ дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан Qazaq Air компаниясын сатып алған вьетнамдық инвесторлар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вьетнамдық компаниясымен “келісілген принциптері туралы” құжатқа қол қойдық. Қазіргі таңда транзакциялық құжаттама аясында келісімдер жүріп жатыр. Яғни “не болады, қалай іске асырылады” дегендей сұрақтар талқылануда. Өкінішке қарай, келісімді қыркүйек айына дейін бітіре алмадық. Дегенмен жылдың соңына дейін аяқтаймыз деген үміт бар. Әзірше SOVICO Group атты вьетнамдық инвестормен келісімдер жасалып жатыр. Алайда құжаттама коммерциялық құпия болып қалмақ, – деді Сәтжан.
Салтанат Сәтжанның сөзінше, компанияны ойдағыдай сату үшін біршама уақыт керек.
Біз пәтерді бір күнде сата салмаймыз ғой. Біз үлкен әуе компаниясын сатып жатырмыз. Сондықтан біз қалай болса, солай сатқымыз келмейді. Qazaq Air-ді жақсы стратегиясы бар инвесторға сатуымыз керек. SOVICO-ның құрамында VietJet Air деген компания бар. Компанияның компетенциясы көп. Сондықтанда келісімді ойдағыдай аяқтау үшін тағы да кішкене уақыт керек, – деді ол.
Ол вьетнамдық компания Qazaq Air-дің 38 млрд қарызын жабуға қарсы емес екенін айтады.
Қарызды жабуға қарсы емес. Әуе компания 38 млрд долларға 5 ұшақ сатып алған болатын. Бірақ ол қарызды 2044 жылға дейін өтей алады. Келісім аясында бұл мәселе талқыланды, – деді Сәтжан.
Еске салайық, вьетнам инвесторы Qazaq Air әуекомпаниясын алатыны жөнінде биыл мамыр айында айтылған.