Ветеринарлық бақылау және қадағалау органдарының бірқатар басшысына сөгіс жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің 2019 жылғы және 2020 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары бойынша, сондай-ақ екінші жартыжылдықтағы жоспарлар туралы алқа отырысы өтті, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов елдегі ветеринарлық қауіпсіздік және эпизоотиялық жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, былтыр 146 аса қауіпті ауру тіркелсе, осы жылдың 6 айында 129 ауру анықталған. 

Былтыр 17 аса қауіпті аурудың алдын алу мақсатында жануарлар мен құстарға 140 млн екпе жасалған. Биылғы жылы 150 млн салынады деп жоспарлануда. 

Өткен жылы 32,5 миллионға жуық жануар тексеруден өтті. Нәтижесінде 54,6 мың бастан бруцеллез анықталды. 2020 жылдың 6 айында 18,7 млн бастан 33 мың ауру белгісі табылған. 

Баяндама барысында бас мемлекеттік ветеринарлық инспектор өткен жылы мемлекеттік шекара бойымен 32 ветеринарлық бақылау пункті орналастырылғаннан кейін тауарлардың экспорттық-импорттық қозғалысы кезінде заң бұзушылықтардың азайғанын атап өтті. А.Өтеғұловтың айтуынша, Қазақстан нарығына кіретін сапасыз өнімдер импорты айтарлықтай төмендеген. 

Ведомство қызметкерлерінің басқа да жетістіктері бар. Атап айтқанда, 2019 жылы Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымы Қазақстанға шошқаның африкалық обасы мен жоғары патогенді құс тұмауынан азат ел атағын берді. 2020 жылы классикалық шошқа обасынан босатылған ел мәртебесін алдық. Осы уақыт аралығында 3 мыңға жуық қазақстандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері өнімдерін экспорттауға арналған шетелдік тізімге енгізілді. Мәселен, 9 қазақстандық компания ҚХР-на сиыр еті мен қой етін экспорттауға құқылы кәсіпорындар қатарына кірді. 

Сондай-ақ, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті қазақстандық шошқа етін, сүт өнімдері мен жүн шикізатын Қытайға экспорттау туралы хаттамаларға қол қойды. Жылқының етін Жапонияға экспорттауға ветеринарлық сертификат келісілді, Еуропалық Одақпен бал және сүт өнімдерін экспорттауға қойылатын талаптарды келісу бойынша келіссөздер аяқталуда. 

Алқа отырысында Комитет пен аумақтық бөлімшелер жұмысындағы бірқатар заң бұзушылықтар қарастырылып, себептері талданды және оларды шешу жолдары талқыланды. 

Атап айтқанда, статистикалық есептерде және "Ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру" мәліметтерінде көрсетілген мал саны туралы ақпараттарды салыстыру барысында кемшіліктер анықталды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша айырмашылық 11,7% құрады. Бұдан өзге, ауылшаруашылық жануарларының мониторингтік диагностикалық зерттеулеріндегі 3 миллионға жуық тексерісте қателіктер бар. 

Сондай-ақ, Комитет биотермальды шұңқырлардың тізілімін жүргізбейтіні анықталды: ақпараттық жүйеге мал қорымдары мен сібір жарасынан өлген жануарларды көмудің тек 70% -ы ғана енгізілген. 

Үстіміздегі жылдың басынан бергі камералық талдау нәтижелері бойынша мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін кешіктіру фактілері тіркелген. 

Ветеринариялық-санитарлық бақылаудың дұрыс жүргізілмегені үшін Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Ибраевқа қатаң сөгіс берілді, Ақтөбе, Жамбыл және Павлодар облыстық аумақтық инспекцияларының басшылары Темірбек Нұртазин, Жандар Қоекеев, Рашид Нұрбеков және Атырау мен Түркістан облыстық аумақтық инспекциялары басшысының міндетін атқарушы Ғалымбек Бисенғалиев пен Нұржан Үсенбаевқа сөгіс жарияланды. 

Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Мұхтаровқа ескерту түріндегі әкімшілік жаза берілді.
Маңғыстау облыстық Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының бастығы Қуанышкерей Мырзатовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды. 

Қостанай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы облыстық инспекцияларының басшыларына, сондай-ақ Шымкенттегі инспекция басшыларына қатысты қызметтік тергеу жалғасуда.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы