Ветеринариядағы жұқпалы ауруларға бөлінген қаражат жеткіліксіз – сенатор

Бұл туралы Сенат отырысында депутат Бекболат Орынбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттық сауалында ол ветеринарлардың мәртебесі әлі айқындалмағанын, әр маманның жұмыс ауқымы бекітілмегенін айтты.

Депутаттың айтуынша, биыл Жамбыл облысында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында ветеринарлар бөлінген қаржыдан 1 631 000-ге артық қызмет көрсеткен. Осындай сәйкессіздікке мал басының көбеюі себеп болып отыр.

Эпизотияға қарсы іс-шаралар аясында 1 манипуляция құны 105 теңгеден 138 теңгеге дейін қалыптасқан. Вакцина құнының өсімін алмағанда манипуляция санының артуы нәтижесінде қосымша қажеттілік 224 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде, 2022 жылы эпизоотияға қарсы іс-шараларды атқаруға қажеттілік 3,6 млрд теңгені құрап отыр, алайда жалпы сипаттағы трансферттер есебінен бүгінге қажеттіліктің 1,9 млрд теңгесі ғана бөлінді, - деді сенатор.

Сенатор сондай-ақ, ветеринарлардың алдағы жылдарда тап болатын проблемалары туралы да ескертті. Мәселенің түйіні – бюджетті жоспарлау кезінде алдағы үш жылға инфляция 7 пайыз деңгейінде белгіленіп, мал басының және оған қажетті вакциналар мен манипуляциялардың көбеюі толық ескерілмейді.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті  қалыптастыру барысында, жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне сәйкес, Жамбыл облысы бойынша ветеринария саласының ағымдағы шығындары 2022 жылғы 1 мамырдағы қаржылық есеп-қисапқа сәйкес 1,7 млрд теңге сомасында ескеріліп, 2023 жылға 8,5% инфляция деңгейімен 1,9 млрд теңге сомасында есептелген. Алайда ветеринария саласының 2022 жылғы қажеттілігі 3,6 млрд теңге болса, 2023 жылғы қажеттілік 3,9 млрд теңге деңгейінде құралады. Оған қоса, жалпы сипаттағы трансферттер құрылымында қажетті соманың 2 млрд теңгесі ескерілмеген. Бұл  алдағы үш жылда ветеринария саласы шығындарын жергілікті бюджеттен толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндікті тағы шектейді, - деп атап өтті сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы