Венгрияның жаңа премьер-министрі өзіне және шенеуніктерге берілетін жалақыны екі есе қысқартпақ
Қазір оның жалақысы шамамен 10,5 мың еуро немесе 5,7 млн теңгені құрайды.
Сайлауда жеңіске жеткеннен кейін Петер Мадьяр RTL Hungary телеарнасына берген сұхбатында мемлекеттік сектордағы шығындарды ауқымды түрде қысқартатынын мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, ол өзінің жалақысын екі еседен астам қысқартуды жоспарлап отыр. Бұрынғы премьер-министр Виктор Орбан алған төлемдердің орнына Мадьяр тек премьер-министрлік жалақы мен депутаттық төлемақыны ғана алмақ. Жалпы сома айына шамамен 3,8 миллион форинт бруттоны немесе 10,5 мың еуроны (5,7 млн теңге) құрайды.
Табысты қысқарту министрлерге, мемлекеттік хатшыларға, депутаттарға, әкімдерге және мемлекеттік компания басшыларына да әсер етеді. Мадьярдың сөзінше, қиын кезеңде саясаткерлер "табыс табу емес, халыққа қызмет етуі керек".
Бұдан бөлек, үкімет депутаттарға берілетін өтемақы төлемдерін де қысқартуды көздеп отыр. Бұған дейін парламент мүшелері көлікке, тұрғын үйге және қызметкерлердің еңбекақысына айына 7 миллион форинтке дейін ала алатын. Енді бұл шекті мөлшерді 5 миллион форинттен төмен деңгейге дейін азайту жоспарланған.
Премьер-министрдің айтуынша, мұндай өзгерістер бюджетке шамамен 50 миллиард форинт немесе 139 миллион еуро көлемінде үнем әкелуі мүмкін.
Қазіргі таңда Венгриядағы орташа жалақы айына шамамен 640 мың форинт бруттоны немесе 1630 еуроны (шамамен 900 мың теңге) құрайды. Осыған байланысты жоғары лауазымды шенеуніктердің табысы елдегі орташа жалақы деңгейінен едәуір жоғары болған.