25 Шілде 2026, 20:16 Фото: istockphoto.com

Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5,5 мыңнан асты

Табиғи апаттан кейін 18 мыңға жуық адам баспанасыз қалып, елдегі құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Бір ай бұрын Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 5 546 адамға жетті. Жаңартылған мәліметті елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес жариялады.

Оның айтуынша, соңғы бір аптаның өзінде алған жарақаттарының салдарынан тағы 148 адам көз жұмған. Ал жараланғандардың жалпы саны 16,7 мыңнан асты.

Reuters таратқан мәліметке сәйкес, табиғи апат салдарынан 18 мыңға жуық адам баспанасыз қалды. 190 ғимарат толық қираса, тағы 856 нысан қатты зақымданып, тұруға жарамсыз күйге түсті. Құтқарушылар үйінді астынан 6 462 адамды аман алып шыққан. Ең көп зардап шеккен аудандарда іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатқандықтан, құрбандар саны артуы мүмкін.

Билік мәліметінше, 48 мыңға жуық адам медициналық көмек алған. Баспанасыз қалған тұрғындар үшін уақытша лагерьлер ұйымдастырылып, зардап шеккен өңірлерге азық-түлік пен ең қажетті тұрмыстық заттар жеткізіліп жатыр.

Жер сілкіністері 24 маусымда болды. Сейсмологтар магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жерасты дүмпуін тіркеген. Екі жер сілкінісінің арасы шамамен 40 секунд болған. Одан кейін елде 1,5 мыңнан астам афтершок тіркелді.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, табиғи апаттан келген шығын шамамен 19,6 миллиард долларды құраған. Ал елді қалпына келтіруге 50 миллиард долларға дейін қаржы қажет болуы мүмкін.