23 Шілде 2026, 19:02 Фото: REUTERS/MIGUEL MEDINA/Pool

Венесуэладағы жер сілкінісі: 30 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалып кетті

Зілзаладан кейін құрбандар саны 5 398 адамға жетіп, зардап шеккендер саны 16 740 адам болды.

24 маусымда Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5 398 адамға жетті.

Бұл туралы Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қаза тапқандар саны тағы 52 адамға көбейіп, 5 398-ге жеткен. Ал зардап шеккендер саны 16 740 адамға дейін өскен.

Родригестің айтуынша, жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарда қазір 60 мыңнан астам адам жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде 30 мың ерікті бар. Сондай-ақ ол зардап шеккендерге гуманитарлық көмек пен таза ауыз суды жеткізу үздіксіз жалғасып жатқанын атап өтті.

Венесуэла бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, 24 маусымнан бері өңірде жалпы саны 1 463 афтершок, яғни қайталама жер сілкінісі тіркелген.

Сонымен қатар Desaparecidos Terremoto Venezuela («Венесуэладағы жер сілкінісінен кейін із-түзсіз жоғалғандар») атты азаматтық бастама сайтының мәліметіне сәйкес, жер сілкінісінен кейін байланыс үзілген 30 мыңнан астам адам әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Екі жойқын жер сілкінісі

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) дерегіне сәйкес, 24 маусымда Венесуэлада араға небәрі 39 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі болған.

БҰҰ Даму бағдарламасы (ПРООН) 26 маусымда жер сілкіністерінен келген тікелей материалдық шығынды 6,7 миллиард доллар деп бағалады.