Бүгiн 2026, 07:14 Фото: REUTERS/MIGUEL MEDINA/Pool

Венесуэлада жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды

Республика президентінің міндетін атқарушы Делси Родригестің айтуынша, бұл шешім жер сілкінісі құрбандарының рухына тағзым ету мақсатында қабылданған.

Венесуэлада болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2295 адамға жетті. Бұл туралы елдің Ұлттық Ассамблеясының спикері Хорхе Родригес мәлімдеді.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, табиғи апат салдарынан 11,2 мыңнан астам адам жарақат алған. Іздеу-құтқару жұмыстары мен зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары жалғасып жатыр.

Осыған байланысты Венесулада жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Республика президентінің міндетін атқарушы Делси Родригестің айтуынша, бұл шешім жер сілкінісі құрбандарының рухына тағзым ету мақсатында қабылданған.

Венесуэланың жүрегі осы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқан азаматтардың қайғысымен бірге. Біз жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, жараланғандар мен хабар-ошарсыз кеткендер үшін дұға етеміз, – деді Делси Родригес.

Еске сала кетейік, жер сілкінісі 24 маусымда тіркелген. Магнитудасы 7,5 болған табиғи апаттың эпицентрі Валенсия қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 60 шақырым жерде орналасқан. Мамандардың бағалауынша, бұл – 1900 жылдан бергі Венесуладағы ең жойқын жер сілкінісі.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Венесуэладағы жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына және жарақат алуына байланысты Делси Родригеске көңіл айту жеделхатын жолдаған.