Бүгiн 2026, 01:29 Фото: REUTERS/Maxwell Briceno

Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 920-ға жетті

Бұдан бөлек, ондаған мың адам хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілген.

Венесуэлада болған жойқын жер сілкіністерінен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан 920 адам қаза тауып, 3 360 адам жарақат алған. Бұдан бөлек, ондаған мың адам хабар-ошарсыз кеткендер тізіміне енгізілген.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, ел астанасы Каракас пен оған жақын орналасқан Ла-Гуайра қаласы ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі болды. Мұнда кемінде 100 ғимарат, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер қираған.

Тұрғындар мен еріктілер үйінділерді ауыр техниканың жетіспеуіне байланысты қолмен аршуға мәжбүр. Зардап шеккендердің туыстары үйінді астында әлі де тірі адамдар болуы мүмкін екенін айтып, құтқару жұмыстарына крандар мен арнайы техниканы тезірек тартуды талап етуде.

Апат аймағына Мексика, Испания, Сальвадор, Колумбия, Доминикан Республикасы, Үндістан, Швейцария және басқа да елдердің құтқарушылары келіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар дрондар, жылу камералары және арнайы үйретілген иттердің көмегімен тірі қалғандарды іздеуде.

БҰҰ мәліметінше, жер сілкінісінен шамамен 7 миллион адам зардап шегуі мүмкін. Ал АҚШ Геологиялық қызметі қаза тапқандар саны 10 мыңнан асуы ықтимал екенін болжады.

АҚШ Венесуэлаға гуманитарлық көмек көрсету үшін 150 миллион доллар бөлетінін мәлімдеді. Сонымен қатар іздестіру-құтқару жұмыстарына қолдау көрсету үшін әскери кемелер, тікұшақтар мен ұшақтар жіберілмек.