Венесуэла жер сілкінісінен кейінгі қалпына келтіруге қаржы алды
Бөлінген қаражат қираған инфрақұрылымды қалпына келтіруге және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге жұмсалады.
Венесуэла билігі Халықаралық валюта қорындағы өз қаражатының 346 миллион долларына қол жеткізді. Бұл қаржы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға бағытталады.
Бұл туралы Венесуэла президентінің уәкілі Делси Родригес өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
Оның айтуынша, қаражат зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуге, тұрғын үйлерді қалпына келтіруге, аса маңызды инфрақұрылым нысандарын жөндеуге және негізгі коммуналдық қызметтердің жұмысын қайта жандандыруға жұмсалады.
Родригес сондай-ақ Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Еске салайық, Венесуэлада жойқын жер сілкінісі 24 маусымда болды. Соңғы мәлімет бойынша, 5 069 адам қаза тауып, тағы 16 740 адам жарақат алған. 17 907 адам баспанасыз қалды. 190 ғимарат толық қирап, тағы 856 нысан қатты зақымданған. Негізгі жер сілкінісінен кейін 1 331 афтершок тіркелді.