Венада Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар ұсынылды

Вена дипломатиялық академиясының алаңында Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Аустрия СІМ Бас хатшысы Петер Лаунски-Тиффентальдың, Еуропа мен АҚШ-тағы мемлекеттік органдар мен жетекші «ой-пікір» орталықтар өкілдерінің қатысуымен «Орталық Азия: реформалар дәуірі» тақырыбында халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конференцияны ашқан Вена дипломатиялық академиясының директоры Эмиль Брикс бұл іс-шараның халықаралық турбуленттілік жағдайындағы маңыздылығын, сондай-ақ Орталық Азия өңіріне қызығушылықтың артқанын атап өтті.

Өз кезегінде П. Лаунски-Тиффенталь Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың барысын атап өтіп, Қазақстандағы ауқымды реформалар бағдарламасы өңірге жалпы үлгі болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ аустриялық дипломат оның елі Орталық Азия мемлекеттеріне реформаларды жүзеге асыруда және аймақтық интеграция үдерісінде көмек көрсетуге бағытталған Еуропалық Одақ саясатын қолдайтынын назарға алды.

Аустрия СІМ Бас хатшысы Еуропалық Одақтың Орталық Азияға қызығушылығының артып келе жатқанын хабарлады. Бұл тұрғыда ол ЕО басшылығының Қазақстан Республикасына жақында өткен сапарларына, Астанадағы ОА-ЕО саммитіне, Самарқандтағы министрлік кездесуіне және өзара байланыс жөніндегі ОА-ЕО конференциясына тоқталып, сондай-ақ ү.ж. «Үлкен жетілік» сыртқы істер министрлерінің кездесуінде Орталық Азия тақырыбы ең маңызды мәселелердің бірі болғанын хабардар етті.

Талқылау барысында Р. Василенко конференцияға қатысушыларды «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасына сәйкес елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен жан-жақты таныстырды. Қазақстандық дипломат мемлекеттің Орталық Азия өңірі аса маңызды басымдықтардың бірі болып табылатын көпвекторлы, теңгерімді және прагматикалық сыртқы саясатқа бейілділігін ерекше атап өтті.

Іс-шара аясында Орталық Азия және Кавказ институтының директоры Сванте Корнеллдің (Вашингтон) және Халықаралық қатынастар және тұрақты даму орталығының (CIRSD) аға ғылыми қызметкері Стефан Античтің егжей-тегжейлі талдамалық баяндамалары жасалды. С. Корнеллдің баяндамасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформаларға және осы реформалардың геосаяси мәнмәтініне бағытталса, С. Античтің талдауы «Реформалар Орталық Азияның халықаралық субъективтілігін нығайтуға қалай ықпал етеді» тақырыбында болды.

Сарапшылар Орталық Азия елдерінде, атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанда жүргізіліп жатқан реформалардың кезеңдері, мақсаттары мен міндеттеріне жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, аймаққа ішкі және сыртқы факторлардың әсері туралы пікірталас өтті. Аталған мемлекеттерде трансформацияның маңызды кезеңі жүріп жатқаны және реформаларды іске асырудың табыстылығы халықтың өмір сүру деңгейі мен аймақтың халықаралық үдерістерге қатысу дәрежесіне байланысты болатыны аталып өтті.

Конференция спикерлерінің қатарында Румыния Премьер-министрінің сыртқы саясат, қауіпсіздік және стратегиялық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Юлиан Чифу, Аустрия парламентінің бұрынғы депутаты, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бұрынғы төрайымы және Орталық және Шығыс Азия бойынша арнайы өкілі Кристин Муттонен, Халықаралық қатынастар және тұрақты даму орталығының (CIRSD) директоры Вук Еремич, Аустрияның Еуропалық және қауіпсіздік саясаты институтының (AIES) директоры Велина Чакарова, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев болды.

Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына оң баға бере отырып, панельдік сессия спикерлері билік институттарының теңгерімін құру және нығайту қажет деген пікірде болды.

Конференцияға қатысушылардың жалпы пікірі бойынша, еуропалық аудитория Орталық Азия елдеріндегі реформалық үдерістермен, сондай-ақ жаһандық сілкіністер жағдайында аймақтың өсіп келе жатқан рөлімен танысуға жақсы мүмкіндік алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы