Велосипед және самокат иелеріне арналған сақтандыру іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Велосипед пен самокатты көлік ретінде қолданатын азаматтарға арналған ұсынысты «Amanat» сақтандыру компаниясы әзірлеген. Жаңа өнім сақтандыру полисін сатып алған адамның үшінші тарап алдындағы жауапкершілігін де, сондай-ақ оның денсаулығына келуі мүмкін залал шығындарын да қамтиды.

«Велосипед пен самокат – ең ыңғайлы көлік түрлерінің бірі. Жасына, денсаулығына қарамастан кез келген дерлік адам бұл көлік түрлерін қолдана алады. Олар жылдам, қалалық ортаға оңай бейімделеді. Елдегі самокаттар мен велосипед саны артып келеді. Тек бір Алматының өзінде 20 000-дай велосипедші мен самокатшы бар. Яғни, бұл көлік иелерін сақтандыру жөніндегі өнімнің пайда болуы – осы саланың дамуындағы кезекті кезең. Ал велосипед-самокаттардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары туралы статистика сақтандыру өнімі түріндегі қандай да бір шешім қажет екенін көрсетті. Біздің компания адамға деген қамқорлықты әрдайым басты орынға қояды. Велосипед пен самокат иелеріне мұндай сақтандыру түрін ұсынып отырғанымыздың басты себебі – осы қамқорлық», - деп атап өтті компания өкілі Асқар Рахымбеков.

Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы оңтүстік астанада велосипедшілер және самокатшылардың қатысуымен 114 жол-көлік оқиғасы тіркелген, 12 адам жарақат алып, екі адам қаза тапқан. Ал 2019 жылдың I тоқсанында 8 оқиға болған, 8 адам жарақат алған.

«Клиенттің өзін қауіпсіз сезінуі біз үшін үлкен маңызға ие. Сондықтан осы ұсынып отырған өніміміздің аясында жазатайым оқиғаларды сақтандыру тек самокат немесе велосипедке қатысты қолданылмайды. Басқаша айтқанда, жаяу серуендеп жүріп жарақат алған клиенттің да шығынын өтейміз», - деп атап өтті Рахымбеков.

Самокатшылар мен велосипедшілерге арналған кешенді сақтандыруды 7 айға сатып алуға болады. Полистің бағасы – 6 500 теңге. Өнім екі секциядан тұрады: жазатайым оқиғалардан сақтандыру және үшінші тарап алдындағы жауапкершілікті сақтандыру.

«Өнім шарттарына сәйкес, жалпы сақтандыру лимиті 1 млн теңгені құрайды. Оның 800 мың теңгесі жазатайым оқиғалар бойынша залалды жабады. Сақтандырылған адам механикалық жарақат немесе 14 күннен артық емделуді қажет ететін буын шығару, сіңір созып алу, қол-аяққа соққы алу секілді зақым алса, полис іске қосылады», - дейді Асқар Рахымбеков.

Ал үшінші тарап алдындағы сақтандырылушының жауапкершілігі бойынша лимит 200 мың теңгені құрайды.

«Мәселен, велосипедпен немесе самокатпен жол жүріп бара жатқан клиент басқа адамның мүлігіне немесе өзіне зиян, зақым келтірсе, біз іс жүзіндегі шығынды 200 000 теңгеге дейін өтейміз», - деп хабарлады сақтандыру компаниясының өкілі.

Өнім жасы 5-тен асқан балаларды да сақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда баланы оның ата-анасы немесе туысы сақтандыра алады.

Әр адамға (балаларды қоса алғанда) сақтандыру келісім-шартының бөлек рәсімделетінін айта кету керек.

Келісім-шартта сақтандырылатын тұлғаның жасы 5 пен 16-ның арасында болса, полис тек механикалық тарту күшімен жүретін велосипед және самокаттарға ғана қатысты қолданылады. Себебі, заң бойынша, электр күшімен жүретін көлікті тек 16 жасқа толған азаматтар ғана жүргізе алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы