23 Қыркүйек 2026, 11:04 Фото: ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті

Велошабандоз Алексей Луценко ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады

Спортшы Азия ойындарында бесінші алтынын жеңіп, спорттағы жолын аяқтайтынын мәлімдеді.

Қазақ велоспортында тұтас бір дәуір аяқталды: Алексей Луценко Қазақстан құрамасындағы мансабын аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол небәрі кеше ғана андерлер арасында әлем чемпионы атанған еді. Кейін велоспорттағы ең беделді көпкүндіктерде бақ сынады. Жасы бұл спорт үшін әлдеқашан үлкен саналатын шақта да тәжірибесіне сүйеніп, Азия ойындарында мансабына әдемі нүкте қойды.

Алексей Луценко 2012 жылы 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында топтық жарыста жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды. 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында жекелей уақыт жарысынан алтын медаль жеңіп алды.

Одан кейінгі Азия ойындарында да қазақстандық велошабандоз жүлдеден тыс қалған жоқ. 2018 жылы Джакартада жекелей уақыт жарысы мен топтық жарыста алтын медаль иеленді. 2022 жылы Ханчжоуда жекелей уақыт жарысында кезекті алтынына қол жеткізіп, топтық жарыстан күміс медаль алды. 

2026 жылғы Аичи – Нагоя Азия ойындары Луценко үшін төртінші Азиада болды. Ол ерлер арасындағы жекелей уақыт жарысында жеңіске жетіп, өзінің Азия ойындарындағы алтын медаль санын беске жеткізді.

Бұл менің Қазақстан атынан қатысып жатқан соңғы жарысым. Өзім швейцариялық клубқа мүше болғандықтан ол жақта 1-2 сайысым қалды. Сонымен спорттағы жолым аяқталады, - деп ағынан жарылды спортшы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Аичи – Нагояда (Жапония) өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында екінші алтын медалін жеңіп алды.