Ваучерлік тәсілді орта білім саласына енгізу – құптарлық іс

Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Жақсыбек Жиеналиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшы алдымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің тұрғын үй саласын басқаруға, реформалауға байланысты мәселе көтергені маңызды қадам екеніне тоқталды.

Қазіргі кезде әсіресе ірі мегаполистерде тұрғын үй құрылысын жоспарлау, нысандарды пайдалануға беруге байланысты көптеген мәселелер бар. Үлескерлердің мәселелері, құрылыс салынғанымен ол жердегі инфрақұрылымның жоқтығы сол жерде тұратын адамдарға ыңғайсыздық тудырып жатыр. Үй салынғанмен балабақша, басқа да отбасына, тұрғындарға қажетті орталықтар жетіспей жататынын күнделікті көріп отырмыз. Бұл үлкен проблеманың бір шеті, - деді Жиеналиев.

Ол сондай-ақ бұл мәселенің білім сапасына да әсер ететінін айтты.

Мысалы Астананы алатын болсақ, көпқабатты тұрғын үй салынған аудандарда мектеп жетіспей жатады немесе мектептер үш ауысымға ауысып жатады. Бір сыныпта 40 баладан оқитын жағдайлар өте көп, - деді ол.

Осы орайда Жақсыбек Жиеналиев былтыр Қазақстанда Президенттің бастамасымен мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жоба іске асырылғанын еске салды.

Негізгі мәселе ата-аналардың балаларын балабақшаға орналастыра алмауы болды. Бүгінде бұл мәселе толық шешілмесе де, жүйеленіп, ретке келтірілді. Ата-аналар балаларын жекеменшік балабақшаларға бере бастады. Келісімге байланысты қаржының 40-50 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Енді осындай тәжірибені орта білім саласына енгізу – құптарлық іс, - деді сарапшы.

Жақсыбек Жиеналиев ваучерлік тәсіл арқылы мектептердің жетіспеуі, бір сыныпта бала санының көп болуы сияқты мәселелер толық шешілмесе де, бірсыпыра реттелетінін айтты.

Өйткені ақылы мектептерге ата-аналардың қаражаты жетіп жатса, ваучерлік тәсілді қолданып, балаларын ақылы мектептерге бере алады. Нақты ауданға байланбай, ата-ананың қалауына еркіндік беріліп, қалаған аудандағы өзіне ұнаған мектебіне баласын бере алатын жүйе қалыптастырылса, білім саласындағы жетістіктердің бірі болатын еді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Мәдениет – ел айнасы
Өзгелердің жаңалығы