Вашингтонда дәстүрлі Наурыз фестивалі тойланды

АҚШ астанасы Вашингтонда дәстүрлі Наурыз фестивалі биыл осымен 10-рет тойланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.

Түркітілдес халықтардың жыл басы болып саналатын мейрамға жиылған халықтың қарасы қалың. Ән айтылып, би биленді, сондай-ақ Наурыз базар ұйымдастырылды. Мерекелік сахнада қазақтың “Гүлдер” бишілер тобы өнерін көрсетті. Көздің жауын алатын әшекейлер, қолдан жасалған ыдыстар, түрлі ұлттық киімдер, қолөнер бұйымдары, тәтті-дәмділер, барлығы да мейрамға орай жайылған Наурыз базарынан табылды. 

Ирандық немесе парсы мәдениетте жаңа жыл 21 наурызда келеді. Бұл көктемнің басы. Осы кезде біз дәстүрімізге сай, өсімдік өсіреміз. Бұл жаңарудың, Жаңа жылдың, яғни көктем келіп, табиғаттың ояну белгісі, - деді қатысушы Хариса Маздисни.

Мерекелік концерт даладағы сахнада өтті. Күн ызғарлы, дауылды болса да, келушілер көп болды. Әсіресе қазақтың мың бұралған бишілері көрермен ықыласына бөленді. “Гүлдер” тобы 2017 жылы құрылған. Содан бері олар АҚШ-тың түрлі қалаларында өткізілетін Наурыз мерекелерінде, басқа да үлкен іс-шараларда өнерлерін көрсетіп жүр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы