Вандалдар Аюсай шатқалындағы петроглифтерді бүлдірді
Алматыдағы Аюсай шатқалындағы «Мың көз» соқпағына салынған петроглифтерді вандалдар бүлдіріп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Біздің Аюсай шатқалындағы «Мың көз» соқпағына белгілі суретші Санжар Жұбанов салған жануарлардың петроглифтері сән беріп тұр. Бұл тас гравюралар соқпақ жолдың бойында орналасқан және онда қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы, сілеусін және т.б. сирек кездесетін жануарлардың суреттері бар. Қазір олар «Мың көз» соқпағының ғана емес, сонымен бірге біздің орталықтың, бүкіл Аюсай шатқалының құндылығы болып табылады, – деп хабарлады «Аюсай» визит-орталығы.
Өкінішке қарай, жақында «Мың көз» соқпағындағы петроглифтерді вандалдар бүлдіріп кеткен. Осылайша суретшінің бес айға жуық төккен маңдай тері мен күш-жігерін жұмсаған туындылары бір сәтте жойылған.
Біз Санжар Жұбановпен бүлінген петроглифтерді қалпына келтіру туралы уағдаластық. Сондай-ақ біз барлық туристер мен шатқалға және Іле-Алатау ұлттық паркіне келушілерді осы жерге құрмет көрсетуге шақырамыз, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ визит-орталықтың баспасөз қызметі азаматтарды вандализм іс-әрекеттеріне куә болған жағдайда, қажетті шаралар қабылдау үшін «Аюсай» визит-орталығының әкімшілігіне дереу хабарласуды сұрады.