Валюталық қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі шілдеде аяқталады
Алматы, BAQ.KZ. 2019 жылғы 1 наурызда банктер Бағдарлама шеңберінде 162,5 млрд теңге сомаға 26,2 мың қарызды мақұлдады, оның ішінде 142,8 млрд теңге сомаға 24,5 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты, қазіргі уақытта қарыздарды қайта қаржыландыру бұрын қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түсетін ақша есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ақша игерудің револьверлік тетігін ескере отырып қайта қаржыландырылған қарыздардың саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болуы мүмкін»,- делінген хабарламада.Еске салсақ, 2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық Банкке 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген халықтың валюталық ипотекалық қарыздары жөніндегі мәселені түпкілікті шешуді тапсырған еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Ұлттық Банк Басқармасы 2018 жылғы 27 наурызда жаңа редакцияда бекіткен Бағдарлама 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруды көздейді.
Қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (бір АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландырылуға тиіс екендігін еске саламыз. Бағамдық айырма сомасы (шамамен 156 млрд теңге) Ұлттық Банк қаражаты есебінен өтеледі.
Банктер мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде қарыз алушылардың 136 млрд теңгеден асатын сомадағы сыйақысы, комиссиялары, тұрақсыздық айыбы бойынша берешегін кешіреді.
2019 жылғы 1 наурызда банктер 56,4 млрд теңге сомаға валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 6,7 мың өтінімді мақұлдады, оның ішінде 42,2 млрд теңге сомаға 5,3 мың қарыз қайта қаржыландырылған.
«Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеде аяқталатынына назар аударамыз. Осы мерзім аяқталғаннан кейін банктер қарыз алушыларға берешекті өндіріп алуға бағытталған, заңнамада көзделген шараларды қолдануға құқылы. Валюталық ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру үшін қарыз алушылар 2019 жылғы 1 шілдеден кешіктірмей кредитор банкке өтініш беруі қажет»,- делінген Банк мәлімдемесінде.
Сараптама көрсеткендей, қосымша мемлекеттік қолдауға халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХОТ) жататын қарыз алушылар, сондай-ақ жалғыз мүлкі қарыз бойынша міндеттемелерді орындау есебінен банктердің балансына өткен қарыз алушылар мұқтаж.
ХОТ санатына жататын қарыз алушылардың көпшілігі үшін әлеуметтік төлемдер мен бюджеттен жәрдемақылар, оның ішінде қарызға қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейтін атаулы әлеуметтік көмек кірістің жалғыз көзі болып табылады.
ХОТ қарыз алушыларын қосымша қолдаудың талаптарын әзірлеу және қарыз алушылардың меншігіне банктердің баланстарында тұрған тұрғын үйді қайтару үшін Ұлттық Банкте жұмыс тобы құрылған. Оған мүдделі мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың өкілдері, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері және қоғамдық бірлестіктердің басшылары кірді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда «Киелі бесік» республикалық өнер байқауы өтті
Келесі жаңалық
Жұмаға арналған валюта бағамы
Өзгелердің жаңалығы