Валюта нарығындағы жағдай қалай?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова хабарлады. Оның айтуынша қазіргі уақытта жағдайдың тұрақтануына қарай нарықты қолма-қол шетел және ұлттық валютамен үздіксіз нығайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Елдегі төтенше жағдайдан соң 12 қаңтардан бастап валюта нарығындағы сауда-саттық іске қосылды. Ұлттық Банк сауда-саттық қайта басталғаннан кейінгі алғашқы күндері шетел валютасына сұраныстың артуын және оның шектеулі ұсынысын күтті. Сондықтан валюта нарығының ашылуы қарсаңында бұрын-соңды болмаған оқиғалар аясында теңгеге алыпсатарлық қысымның көрсетілуіне жол бермеу мақсатында валюталық интервенция жүргізуге дайын екенімізді мәлімдедік, - деді Әлия Молдабекова.
Сондай-ақ ол ТЖ кезінде шетел валютасына сұраныстың артқанын растады.
Шынында да, валюталар бойынша бір аптаға жуық сауда-саттықтың болмауын ескере отырып, бизнес тарапынан, сол сияқты халық тарапынан шетел валютасына жинақталған сұраныс пайда болды. Жағдай теңге бағамының бұдан былайғы қозғалысы бойынша орын алған оқиғалар мен белгісіздік аясында валюта сатушылар санының өте шектеулі болуымен күрделене түсті. Қаржылық тұрақтылық тәуекелдеріне және тұрақсыздандыратын ауытқуларға жол бермеу мақсатында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді, - деп отыр Ұлттық банк өкілі.
Олардың көлемі 12 және 13 қаңтарда 240 млн долларды немесе сауда-саттықтың бүкіл көлемінің 50%-ға жуығын құраған.
Жыл басынан бастап 13 қаңтар аралығында шетел валютасына сұраныстың артуы аясында теңге бағамы 433,67 теңгеге дейін 0,5%-ға әлсіреді. Қазіргі уақытта валюта нарығындағы жағдай тынышталды. Қаржы нарығының жұмыс істеуі толығымен қалпына келтірілді, операциялар штаттық режимде жүргізілуде, - деп атап өтті Әлия Молдабекова.