Валюта айырбастау пункттеріне жаңа талаптар қойылады

Қазақстан Ұлттық банкінің 2 желтоқсандағы қаулысымен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында айырбастау пункттерінің ішкі бақылау талаптарына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Енді айырбастау пункттері ішкі бақылау жүйелерін жаңартып, ішкі рәсімдерін әзірлеп, бекітуі тиіс. Оған тәуекелдерді бағалау, тәуелсіз аудит, клиенттерді сәйкестендіру және мониторинг, қаржы мониторингі органдарымен өзара іс-қимыл, сондай-ақ құжаттарды сақтау кіреді. Ережелерде қызметкерлердің заңсыз схемаларға тартылуын болдырмау шаралары да көрсетілуі қажет.

Әр ұйым қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (отмыванию) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл үшін жауапты қызметкерді тағайындауы керек. Бұл — жоғары білімі бар, қаржы саласында кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі бар, жақсы беделге ие және қаржы мониторингі бойынша тестілеуден өткен маман. Ол талаптардың сақталуына, мемлекеттік органдармен байланысқа және жоғары тәуекелді клиенттер бойынша шешім қабылдауға жауапты.

Бұдан бөлек, ұйымдар жыл сайын клиенттер, елдер, жеке қызмет түрлері (оның ішінде 2 млн теңгеден жоғары операциялар) және технологиялық тәуекелдер бойынша бағалау жүргізуі тиіс. Бағалау есебі Ұлттық банк немесе қаржы мониторингі органының сұрауы бойынша дайын болуы қажет.

Сондай-ақ айырбастау пункттері клиенттерді жеңілдетілген және күшейтілген тексеруден өткізуі тиіс. Күшейтілген тексеру клиент жоғары тәуекел тобына жатса, күмәнді операциялар байқалса, мәліметтерде сәйкессіздік болса немесе клиент мемлекеттік орган болса жүргізіледі. 

Сонымен қатар терроризммен және жаппай қырып-жою қаруын таратумен байланысты тұлғалар тізімдері бойынша тексеру жүргізілуі керек.

Әр айырбастау пункті операцияларды мониторинг жасап, 500 мың теңгеден асатын транзакцияларды анықтап, күмәнді операцияларды талдап, операциялар тарихын жүргізіп, тиісті хабарламалар дайындауы тиіс. Күмәнді операциялар туралы уәкілетті қаржы мониторингі органына хабарлау қажет.

Сондай-ақ айырбастау пункттерінің қызметкерлері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы оқытудан өтуі тиіс. Оқыту жоспары уәкілетті органның талаптарына сай болуы керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы