Вакцинация және ревакцинация үшін вакцина жеткілікті ме?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Pfizer» вакцинасымен вакциналау бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
«Комирнати» (Phizer) вакцинасының қанша дозасы бар? Вакцинация және ревакцинация үшін вакцина жеткілікті ме?
Осы жылдың наурыз айының соңындағы жағдай бойынша республикада шамамен 2 млн. доза «Комирнати» (Phizer) вакцинасы бар, ол алдағы айларда егілетін адамдарды вакцинациялау және ревакцинациялау қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Вакцинация паспортында қайталанған курс қалай көрсетіледі?
КВИ-ға қарсы вакцинацияны жүргізу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарында және тұруға ықтиярхаты бар шетел азаматтарында «eGov mobile» мобильдік қосымшасының «Цифрлық құжаттар» сервисінде электрондық «Вакцинация паспорты» бар. Электрондық «Вакцинация паспортында» вакцинация және ревакцинация туралы деректер көрсетіледі.
КВИ-ға қарсы вакцинация паспорттары қандай елдермен өзара танылады?
Қазіргі уақытта әлемнің 33 елімен вакцинация паспорттарын өзара тану туралы келісім жасалды, олар: Аргентина, Белиз, Боливия, Бразилия, Ұлыбритания, Венгрия, Грузия, Индонезия, Иран, Иордания, Испания, Канада, Қырғызстан, Мальдив, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Черногория, Эстония, Жапония, Шри-Ланка, Эквадор елдері.
Неліктен егу кабинетінде КВИ-ға қарсы «Комирнати» вакцинасын алу үшін 6 адамның жиналуын күту керек?
«Комирнати» (Phizer) вакцинасы бір құтыда 6 дозадан болады. Вакцинаның ашылған құтысы плюс 2-ден плюс 30 градус Цельсийге дейін температурада 6 сағатқа дейін сақталады. Содан кейін вакцина егуге жарамсыз болады. Осыған байланысты, вакцинаның негізсіз есептен шығарылуын болдырмау үшін құтының мөлшерін ескере отырып, егілетін адамдар санының жиналғаны маңызды, яғни қысқа уақыт ішінде 6 адамды егу керек, осыған байланысты бұл мәселеге түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Егер адам басқа елде «Комирнати» Phizer вакцинасының бірінші дозасын алса, онда Қазақстанда вакцинация курсын аяқтауға бола ма?
Қазақстан Республикасынан тыс жерде «Комирнати» (Phizer) вакцинасын қолдана отырып КВИ-ға қарсы вакцинацияның бірінші дозасын алған адамдар Қазақстанда осы вакцинамен вакцинация курсын аяқтай алады (тиісті интервалмен екінші дозаны алады).