Вакцина туралы «QazVaC: ТАЙТАЛАС» кітабы жарыққа шықты

Елордада «Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» атты халықаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Пандемия сабақтары: Қазақстан тәжірибесі» халықаралық форумы аясында «QazVaC: ТАЙТАЛАС» деректі публицистикалық кітабының тұсау кесер рәсімі болды. Кітап негізінен пандемиямен күрес кезінде отандық вакцина жасаған қазақ ғалымдарының ерлігіне арналады. Кітапты «ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы» КЕАҚ басқарма президенті Күнсұлу Закарья таныстырды.

Бұл кітап пандемиямен күрес кезінде отандық вакцина жасап шыққан қазақ ғалымдарының ерлікке парапар ісіне арналады. QazVac вакцинасы қалай жасалды? Қандай кедергілерді жеңуге тура келді? Вакцина шығаратын отандық зауыт қалай салынды? Оның маңызы қандай? Кітапты әзірлеуші топ вакцина жасауға қатысқан ғалымдардың өзімен, басшылық жасаған тұлғалармен жеке кездесіп, осы сұрақтардың жауабын оқырман назарына ұсынды. Пандемия аяқталды, бірақ пандемиямен күрес кезіндегі ғалымдар мен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауы керек, кітап осы мақсатта жарық көріп отыр, – деді Күнсұлу Закарья.

Кітапта отандық вакцинаны жасау қашан, қалай басталғаны, бұл жолда қандай қиындықтармен бетпе-бет келгені, тәуекелге бел буып, маңызды шешімдердің қалай қабылданғаны және қандай жетістіктерге қол жеткізгені жайлы баяндалады. Кітапты дайындаған топ отандық вакцина жасау кәсіби шеберлік пен ғылыми құзыреттіліктің жоғары деңгейін көрсеткен қазақ ғалымдарының нағыз ерлігіне айналғанына басымдық береді.

Кітапта вакцина клиникалық сынақ үш кезеңінен қалай жүргізілгені, сертификаттаудан қалай өткені және өндіріске енгізілгені туралы ақпарат берілген. Кітапты дайындаушы топ отандық вакцинаны жасау, COVID-19 пандемиясымен күресте маңызды қадам болғаны және жаһандық сынақты сәтті еңсеруге мүмкіндік бергеніне назар аударады. «QazVaC: ТАЙТАЛАС» кітабын Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күресі және өзінің отандық вакцинасын жасағаны туралы маңызды ақпарат деуге болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы