Вакцина аутизмге әкеле ме, қызылша неге көбейді: Дәрігер себебін түсіндірді
Соңғы жылдары Қазақстанда балаларын вакцинадан бас тартатын ата-аналардың саны артып келеді. Бұл үрдістің себебі неде, екпе туралы кең тараған мифтердің қайсысы шындыққа жанаспайды және вакцинадан бас тартудың қаупі қандай? Осы және өзге де сауалдарға «Астана медицина университеті» КеАҚ Профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, отбасылық дәрігер Николай Сафонов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.
- Соңғы жылдары Қазақстанда балаларды вакцинадан бас тарту жағдайлары неге көбейді? Бұған қандай негізгі факторлар әсер етіп отыр?
- Менің ойымша, бүгінгі таңда басты мәселе ақпараттың аздығында емес, керісінше, оның шамадан тыс көптігінде. Ата-аналар әлеуметтік желілерден, түрлі чаттардан алаңдатарлық оқиғаларды, видеолар мен хабарламаларды үздіксіз көріп жүреді. Мұндай дүниелерден кейін олардың қорқуы заңды деп ойлаймын. Өйткені сөз өз балаңның денсаулығы туралы болғанда, бәріне салқынқанды қарау оңай емес.
Оған қоса, қазіргі ата-аналардың көбі қызылша, күл немесе полиомиелит сияқты ауыр инфекциялардың қаншалықты қауіпті екенін өз көзімен көрген жоқ. Сондықтан бұл аурулар алыс әрі сирек кездесетіндей көрінеді де, ал екпе дәл қазір қауіп төндіріп тұрғандай қабылданады.
Тағы бір маңызды мәселе – денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімнің әлсіреуі. Әсіресе дәрігер екпенің не үшін қажет екенін түсіндірмей, тек «салу керек» деп қысқа қайырса, ата-ананың күмәні одан сайын күшейеді.
- Вакцинаға қарсы тарап жиі тарататын қандай ақпарат ғылыми тұрғыдан шындыққа жанаспайды? Ең кең таралған мифтер туралы айтып берсеңіз.
- Ең танымал мифтердің бірі – вакцина аутизмге әкеледі деген пікір. Бұл болжам көптеген ірі ғылыми зерттеулерде бірнеше рет тексерілді, бірақ оның шындыққа сәйкес келмейтіні дәлелденді.
Сондай-ақ кейбіреулер көп екпе салынса, баланың иммундық жүйесіне ауыр салмақ түседі дейді. Бұл да ғылыми негізі жоқ пікір. Себебі баланың иммундық жүйесі күн сайын вакцина құрамындағыдан әлдеқайда көп антигенмен табиғи түрде кездесіп отырады.
Тағы бір қауіпті жаңсақ пікір – ауруды табиғи жолмен өткерген дұрыс деген көзқарас. Иә, инфекциядан кейін иммунитет қалыптасуы мүмкін. Бірақ мұндай иммунитеттің құны кейде өте ауыр болады. Оның салдары өкпенің қабынуына, жүйке жүйесінің зақымдануына, ауруханаға жатқызуға және басқа да күрделі асқынуларға алып келуі ықтимал.
- Вакцинадан бас тартудың салдары қандай болуы мүмкін? Соңғы жылдары кейбір жұқпалы аурулардың қайта таралуы осы үрдіспен байланысты ма?
- Шынын айтқанда, вакцина салдырмаған әрбір бала міндетті түрде ауырып қалады немесе ауруды міндетті түрде ауыр өткереді деу дұрыс емес. Ол ұзақ уақыт бойы инфекциямен мүлде кездеспеуі де, тіпті ауырмай өтуі де мүмкін. Бірақ кімнің жолы болып, кімнің жолы болмайтынын алдын ала ешкім айта алмайды.
Вакцинадан бас тарту арқылы ата-ана баласының жұқпалы аурумен бетпе-бет келу қаупін саналы түрде қабылдайды. Ал инфекцияның ағымы әртүрлі болуы мүмкін: бірнеше күндік қызу мен әлсіздіктен бастап, өкпенің қабынуына, ауыр сусыздануға, жүйке жүйесінің зақымдануына, ұзақ уақыт ауруханада емделуге, мүгедектікке, тіпті өкінішке қарай, өлімге дейін алып келуі ықтимал. Бұрын дені сау болған баланың өзі ауруды жеңіл өткереді деп ешкім кепілдік бере алмайды.
Мұның тағы бір қыры бар. Вакцина алмаған балалардың саны көбейген сайын жұқпалы аурулардың таралуы жеңілдейді. Сондықтан соңғы жылдары қызылшаның қайта өршуі, көкжөтел және басқа да инфекциялардың көбеюі вакцинамен қамтудың төмендеуімен де байланысты.
Әрине, бұған тек екпеден саналы түрде бас тартқан ата-аналар ғана себеп емес. Кей жағдайда вакцина уақытында салынбай қалады, негізсіз медициналық қарсы көрсетілімдер беріледі немесе екпе кестесі бұзылады. Бірақ оның нәтижесі біреу – қорғаныссыз адамдардың саны арта түседі.
Сондықтан мен ата-аналарға: «Егер екпе салдырмасаңыздар, міндетті түрде қайғылы жағдай болады» деп айтпас едім. Бұл шындыққа жанаспайды. Дұрысы: ештеңе болмауы да мүмкін. Бірақ бала инфекция жұқтырған жағдайда оның салдары вакцинадан кейін болатын қалыпты реакцияларға қарағанда әлдеқайда ауыр болуы ықтимал. Шешім қабылдар кезде ата-ана дәл осы тәуекелді толық түсінуі керек.
- Қазіргі вакциналардың қауіпсіздігі қалай бақыланады? Ата-аналар олардың сапасы мен қауіпсіздігіне қаншалықты сенімді бола алады?
- Вакциналар алдымен мемлекеттік тіркеуден бұрын мұқият тексеріледі, ал жаппай қолданысқа енгізілгеннен кейін де бақылау тоқтамайды. Өндіріс үдерісі, әрбір серияның сапасы, сақтау талаптарының сақталуы және тіркелген барлық ауыр жағымсыз реакциялар тұрақты түрде қадағаланып отырады.
Дәрігер ретінде мен ата-аналарға «кез келген вакцина мүлде қауіпсіз» деп айта алмаймын. Өйткені медицинада тәуекелі мүлде жоқ ем немесе процедура болмайды. Бірақ вакциналар – ең көп зерттелген әрі ең қатаң бақылаудан өтетін медициналық препараттардың бірі екенін сенімді түрде айта аламын.
Әрбір ата-ананың қандай вакцина салынатынын, оның өндірушісі кім екенін, қандай реакциялар болуы мүмкін екенін және екпеден кейін нені ескеру қажет екенін сұрауға толық құқығы бар.
- Вакцинадан кейін болатын қалыпты реакциялар мен асқынулардың айырмашылығы қандай? Қандай жағдайда ата-аналар алаңдауы керек?
- Екпеден кейін дене қызуының аздап көтерілуі, ине салынған жердің ауыруы немесе қызаруы, баланың ұйқышыл болуы не мазасыздануы – көп жағдайда ағзаның қалыпты жауабы саналады.
Әке ретінде баланың қарапайым ғана қызуының өзі ата-ананы қаншалықты алаңдататынын жақсы түсінемін. Бірақ мұндай реакциялар, әдетте, ұзаққа созылмайды және денсаулыққа қауіп төндірмейді.
Ал егер балада тыныс алудың қиындауы, беттің ісінуі, құрысу, есінен тану немесе жағдайының күрт нашарлауы байқалса, мұндай кезде шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Сонымен қатар екпеден кейін пайда болған кез келген ауру міндетті түрде вакцинамен байланысты деген сөз емес екенін де ұмытпаған жөн. Кейде бұл жай ғана уақыт жағынан сәйкес келуі мүмкін.
- Дәрігер ретінде вакцина салдырудың қажеттілігіне күмәнданатын ата-аналармен қалай сөйлесесіз? Олардың сенімін қалыптастыру үшін ең маңыздысы не деп ойлайсыз?
- Мен ешқашан ата-анамен дауласуға немесе оларды айыптауға тырыспаймын. Өзім де әкемін, сондықтан сөз өз балаңа келгенде кез келген медициналық тәуекелге деген көзқарас түбегейлі өзгеретінін жақсы түсінемін.
Сондықтан ең алдымен адамды тыңдап, оның нақты неден қорқатынын түсінуге тырысамын. Кейде вакцинадан бас тартудың артында белгілі бір оқиға немесе жағымсыз тәжірибе тұрады.
Мен ата-аналарға екпеден кейін болуы мүмкін реакциялар туралы да, жұқпалы аурулардың қаупі туралы да ашық әрі шынайы айтып беремін. Меніңше, сенім дәрігердің «Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады» деген сөзінен емес, ештеңені жасырмай, барлық сұраққа жауап беріп, ата-ананың алаңдаушылығына құрметпен қараған кезде қалыптасады.
- Балаларды вакцинациялау мәселесінде мемлекет, медицина қызметкерлері және ата-аналар нені өзгертуі керек? Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қалай күшейткен жөн?
- Бүгінгі күні бізге ең қажет нәрсе – вакцинацияны күштеп насихаттау емес деп ойлаймын. Ата-аналарды кінәлауға, келемеждеуге немесе қорқытуға болмайды. Мұндай әрекет олардың қарсылығын одан әрі күшейте түседі.
Мемлекет қолданылып жатқан вакциналар, олардың қалай тексерілетіні және жағымсыз реакциялар қалай зерттелетіні туралы ашық әрі түсінікті ақпаратты көбірек ұсынуы қажет.
Ал дәрігерлер тек вакцинация күнтізбесін жақсы біліп қана қоймай, адамдармен сабырлы әрі сауатты сөйлесе алуы керек.
Ата-аналар да әлеуметтік желідегі көпшілік талқылаған оқиға ғылыми дәлел емес екенін естен шығармағаны жөн.
Бәрімізге қысымнан гөрі ашық әрі шынайы әңгіме көбірек қажет. Өйткені түпкі мақсатымыз бір – баланың денсаулығын сақтау.
- Әңгімеңізге рахмет!