Вакцинацияның жалған паспортын жасау бойынша 23 қылмыстық іс тіркелген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің дәстүрлі брифингінде белгілі болды.
Ол атағандай, жалған ПТР-анықтамасы мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдаланушыларды анықтау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.COVID-19 коронавирус инфекциясы салдарынан көптеген адамның өмірі қиылып жатыр. Тек бір тәулік ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясына оң ПТР-сынамасы бар 5 317 науқас анықталды. Барлық қабылданған шектеу шарасына қарамастан, бұл сан күн сайын өсіп келеді. Ішкі істер министрлігі аса алаңдатарлық эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы аурумен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше көңіл бөледі, - деді модератор Шұғыла Тұрлыбек.
Вакцинацияланбаған азаматтар коронавирустың таралуына жағдай жасап, басқаларға жұқтыру қаупін жоғарылатады. Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР-анықтамаларын қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 42 қылмыстық іс болды, оның ішінде 39-ы биыл тіркелген, - деді ол.
Шұғыла Тұрлыбек атағандай, вакцинация паспорттарын қолдан жасау фактілері бойынша ағымдағы жылы 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасып жатыр.
Қолдан жасалған құжаттардың саны және әрбір іс бойынша заңға қайшы әрекеттерге қатысушылардың саны да әртүрлі. Бұлар тергеу нәтижелері бойынша нақтыланатын болады. Ішкі істер органдары жалған ПТР-анықтамалар мен вакцинация паспорттарын сату фактілерін анықтау бойынша түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда. ІІМ жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қаралғанын еске салады, - деді ол.