Вакцинация басталғалы 15 күн. Нені білген жөн?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміз 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинациялауға қызу кірісіп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің есебінше, жыл соңына дейін 6 млн-ға жуық азаматқа екпе салынбақ.  

Елімізде COVID-19-ға қарсы вакцинация басталғалы бері барлығымызды «оны қалай салады, ағзаға қандай әсері бар» деген сұрақтар мазалай бастады. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі екпе алып жатқандардың жағдайы жақсы. Ауыр түрдегі асқынулар тіркеліп жатқан жоқ. Дене қызуының, қан қысымының көтерілуі, әлсіздік сияқты екпеден пайда болған жанама әсерлер бар. Бірінші тәуліктің соңына қарай тұмау тәріздес симптомдар, буындардың ауруы болуы мүмкін. Бірақ, ол үш күн ішінде басылуы тиіс. Бұл туралы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Ашық алаң» бағдарламасында ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева айтты.


Жалпы, бұл екпе белгілі бір реакцияны туғызатын иммундық препарат. «Sputnik V» вакцинасы 2 компоненттен тұрады. Бірінші екпенің құрамы екіншісінен мүлдем бөлек. Вакцинаны еккен кезде адам ағзасындағы антиденелер 12-14-ші күндері тізіле бастайды және ол күн сайын өсіп отырады. Ал екінші дозаны антиденелердің деңгейі төмендей бастаған кезде беріп, олардың күшеюіне көмектеседі. Сол себептен екеуін де уақытылы алған дұрыс, - деді ол.

Маманның айтуынша, егер вакцина салдырған адамда аллергиялық реакция, анафилактикалық шок байқалса, екінші дозаны салуға болмайды. 

Дәрігер екпе салардың алдында мұның барлығын тексеріп алуы қажет. Тіпті, симптомсыз коронавируспен ауырып жүрген, ауырған адамдарға вакцина салынатын болса, оның еш қауіп-қатері, кері әсері болмайды, - деді ол.

Негізі жалпы вакцинациялау сәуір айына жоспарланып отыр. Себебі, біріншіден, халық дайын болуы қажет. Екіншіден, екпе жасайтын орындар, мамандар толық жабдықталмаса, тағы болмайды. 

Қазіргі кезде вирустың бәсендеуі жайлы ДСМ Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов айтып өтті.

Жалпы, біздің иммунитет өте қысқа уақытқа сақталады. Екінші дозаны енгізудегі басты мақсат – иммунитеттің вирусқа қарсы әсерін барынша ұзақ уақытқа дейін сақтап қалу. Вирустың өзі мәңгілік емес. Адамдар арасында таралуы көбейген сайын күші де азаюы қажет. Ауырған адамдарда антиденелер қалыптасуда.  Сонымен қатар, біз оқшау мемлекет емеспіз, жан-жағымыздағы мемлекеттердің барлығында вирустың бәсендеуі байқалады. Ол бізге де жақсы әсер етуі қажет, - деді ол.  

Ал Астана медицина университеті Жұқпалы аурулар және клиникалық эпидемиология кафедрасының аға оқытушысы Раушан Байгенжеева наурыз айында эпидемиологиялық жағдайдың қалыпты болатынын айтады.

Наурыз айында коронавирустық ахуал былтырғыдан жақсы болатыны сөзсіз. Себебі, вакцина салдырып жатыр, оның барлығы, әрине, оң әсер етеді. Бірақ еркінсуге болмайды. Санитарлық талаптарды сақтау керек. Қазіргі уақытта әлі күнге дейін карантин талаптарын орындамай жатқан адамдар баршылық, - деді аға оқытушы.

Қазіргі уақытта коронавирустың таралуын мейлінше төмендету үшін жедел-жәрдем қызметкерлері екі сайын ПТР-тестерін тапсырады. Әр науқасқа барар алдында олар киімдерін ауыстырады. Мұның барлығы мұқият бақылауда ұсталады.

Вакцина салдыруға қарапайым халықтың қолы жеткен кезде олар ерікті түрде өзі тіркелген емханаға барып, екпе салдыра алады. 

Екпе салардың алдында әр азаматтың денсаулығы толықтай тексеріледі. Вакцина салынғаннан кейін азамат бірден үйге жіберілмейді, оның қолына бейдж беріліп, 30 минут күту бөлмесінде отыруы қажет. Мұндағы мақсат – қандай да бір кері әсердің болмауын қадағалау. Сонымен қатар, азамат үш күн бойы емхана дәрігерлерінің бақылауында болады, - деді Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Өмірзақова.

Ұмсындық НАУРЫЗБАЕВА


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы