Вакцина салынбай коронавирусты жеңе алмаймыз – Бақыт Түменова

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. «Аман-саулық» ҚҚ президенті Бақыт Түменова вакцина салдыру мәселесіне  қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, вакцинаны халыққа жаппай салмас бұрын алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Оған қоса әр адамды жекелей тексеріп, бойында қандайда бір қосалқы ауру болса екпе салуды кейінге қалдырған жөн дейді. 

Қазір 65 жасқа дейінгі адамдарға, оның ішінде медицина қызметкерлеріне екпе саламыз деп жатыр, ол дұрыс. Мына пандемияны вакцинация жасамай біз жеңе алмаймыз. Вакцина салмас бұрын одан бақылау тесті алыну керек, яғни ол адам бұған дейін ковидпен ауырған болса, ағзасында антидене мөлшерін анықтау керек. Сондай-ақ екпе салдыратын адам ол кезде ауырмау керек, арақ-шараптан бастарту керек. Бойында аллергия болса бір аптадай оған қарсы дәрілерді ішкені жөн. Адамдарды кезекке тұрғызып, бәріне қатар вакцина салуға болмайды. Әрбір адамды жекелей тексеру керек,-дейді Бақыт Түменова. 

Сондай-ақ, ол коронавирус инфекциясы жиі мутацияға ұшырап жатқандықтан, оны зерттеу жұмыстары тоқтамау қажет деген ойын айтты.

Оның үстіне бұл вакцина өте асығыс жасалып жатыр, сапалы вакцинаны шығаруға көбірек уақыт керек сияқты. Тағы бір мәселе бұл вакцинаның күші қанша уақытқа дейін жарамды? Оны ешкім айтып жатқан жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары тоқтамау керек. Бұл вирус біздің ортамызда қалады. Күз кезінде тұмауға салынғандай енді ковидке де вакцина салынып отырады деп ойлаймын. Ал, 65 жастан асқан адамдар маска тағып, қауіпсіздік шарасын мейлінше ұстанғаны дұрыс,-дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы